МТРА жаңалықтары

Петропавлда көтерме-тарату орталығы ашылды

Тауарды тиімді бағамен сақтауға және азық-түлік құнын  бір қалыпта ұстауға септеседі. Бүгін Петропавлда заманауи көтерме-тарату орталығы ашылды. Оған сыйымдылығы 2 мың тонналық көкөніс қоймасы мен 10 мың тонналық азық-түліктік нысан кіреді.

Қауіпсіз әрі әлемдік стандарттарға сай. Көтерме-тарату орталығындағы көкөніс қоймасы жұмысын 2019 жылдың соңында бастады. Ал бүгін кешеннің В+ категориясындағы корпусы іске қосылды. Мұнда халық жиі тұтынатын тауарлардың 3 түрі сақталады. Олар: азық-түлік, пластиктен жасалған дүниелер мен түрлі тұрмыстық заттар.

Владимир Михайленко – «Радуга» ЖШС қоймалық логистикасы директорының орынбасары:

– Кешеннің құрылысы осыдан шамамен 3 жыл бұрын басталған болатын. Қазіргі нысан соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Мұнда 10 мың тоннаға дейін тауар сыяды. Қойманың аумағы – 7 мың текше метр.

Жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер мұнда өз дүниелерін тиімді бағамен сақтай алады. Жалға алатын орынның көлемі бойынша да біраз ақша үнемдеуге болады. Себебі, заманауи техниканың көмегімен тауарды бірінің үстіне бірін қойып, жоғарыға дейін жеткізуге болады.

Владимир Михайленко – «Радуга» ЖШС қоймалық логистикасы директорының орынбасары:

– Көтерме-тарату орталығы әлемдік стандарттарға сай. Қойма азық-түлікті тиімді бағамен сақтауға және тауардың құнын бір қалыпта ұстауға септеседі. Мұндай кешендер облысымызда көп болса, тауар өндіруші мен сатып алушы делдалсыз жұмыс істейді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлға тағы 2-3 көтерме-тарату орталығы керек дейді. Осылайша нарықтағы тауар ағымын толық қадағалауға болады екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мұнда азық-түлік сақталады, таратылады, іріктеледі және сатылады. Осындай заманауи орын өңірімізде алғаш рет ашылып отыр. Жобаға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды. 60 адам жұмыспен қамтылды. Бұл – біздің облысымыз үшін аса маңызды орын. Әсіресе, пандемия уақытында маңыздылығы айрықша. Қазіргі заманда адамға ең қажетті тауарлардың барлығы осындай заманауи қоймаларда сақталуы тиіс.

«Радуга» серіктестігінің мамандары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Кәсіпорын өкілдері алдағы уақытта жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қағаздан тұрмысқа қажетті дүниелер жасайтын зауыт ашпақшы. Шикізат ретінде макулатура мен сабан қолданылмақ.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан