Денсаулық сақтау

МӘМС қоры аясында атқарылған жұмыс

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына – 1 жыл. 12 ай ішінде 30-дан астам жерлесімізге қымбат ота  қор есебінен жасалған. Яғни, тұрғындар ақысыз негізде қызмет алған. Жалпы, артта қалған 1 жылда солтүстікқазақстандықтардың 82,9 пайызы сақтандырылыпты.

Қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жылдың басында іске қосылды. Елімізде бұған дейін бірнеше жыл көлемінде дайындық жүргізіліп келді. Тіпті, жаңа жүйенің жұмыс істеу механизмін танып-білу үшін сәуір айына дейін медициналық қызметтер тегін ұсынылды. Бірақ, пандемияға байланысты біршама қиындықтар туындап, бұл мерзім тағы да ұзартылды. Яғни, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін отандастарымыз шартты түрде сақтандырылған болып саналды.

Лариса Гордеева – «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Денсаулық сақтау жүйесінің қиындықтарға қарамастан тұрақты дамуына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз пайдасын тигізді. Қорға 2017 жылдан бастап 11 млрд теңгеден астам жарна түсті. Бұл тек біздің облысымыз бойынша ғана. Ал үстіміздегі жылдың басынан бастап 5 жарым млрд теңгеге толықты. Жұмыс істейтін 234 мың солтүстікқазақстандық аударым жасаған.

МӘМС туралы Заңға сәйкес, оның қатысушылары қатарынан 12 ай тұрақты аударым жасайтын азаматтар болып табылады. Дегенмен, коронавирустың салдарынан кәсіпкерлерге бірнеше рет өз нысандарының қызметін тоқтатуларына тура келді. Сәйкесінше қорға жарна бірде төленіп, бірде төленбеді. Бүгінде 13 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тиісті ақшаны үзіп-үзіп аударатын көрінеді. Сол себепті, олар алдағы уақытта сақтандырылушы мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Лариса Гордеева – «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Осы орайда айта кетейін, егер адам жұмыссыз қалса және қазіргі уақытта қорға жарна төлей алмаса жергілікті атқарушы орган жанындағы жұмыспен қамту орталығына ресми тіркелу қажет. Келесі айдан бастап оның мәртебесі автоматты түрде “сақтандырылған” болып өзгереді.

Сақтандыру қоры облыс бойынша 40 медициналық ұйыммен жұмыс істейді. Оның ішінде жекеменшік клиникалар да бар. Жалпы, бүгінде облыс халқының 82,9 пайызы сақтандырылған, ал қалғаны сақтандырылмаған, яғни тегін медициналық көмекті ала алмайды. Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Өңір бойынша олардың саны 280 мыңнан асады.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының негізгі мақсаттарының бірі – пациенттердің құқығын қорғау, міндеттердің бірі пациенттермен кері байланысты жетілдіру болып табылады. Ағымдағы жылы Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы іске қосылды, оның көмегімен халық медициналық сақтандыру және пациенттердің құқықтары мәселелері бойынша өтініштерді қорға жібере алады.

Мамандардың айтуынша әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі көп. Алайда, жыл басынан бері 100-ден астам солтүстікқазақстандық жүгініп, қызмет көрсету сапасына қатысты өтініш-шағымдарын білдіріпті. Дені – аудан тұрғындары. Ауылдарға тар бейінді мамандар жетіспейді.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана