МТРА жаңалықтары

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі – нұротандықтардың назарында

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі – нұротандықтардың басты назарында. Көшбасшы партия өкілдері жылма-жыл мониторинг өткізіп, барлығы 253 әлеуметтік маңызы бар ғимараттың жағдайын тексерді. Әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы және ауруханалардағы пандус қолданысқа жарамды ма, ақпарат Брайль шрифтімен берілген бе, тактильді жолақтар мен сары жапсырмалар бар ма? Қысқасы – нысанға кіріп, мемлекеттік қызметті алу сынды қарапайым игіліктер жарым жандар үшін қаншалықты қолжетімді? Бақылау тобының өкілдері дәл осы дүниелерді тексерді, олқылықтарды анықтап, ескерту жасады. Бүгінде айтылған сынды мекемелердің барлығы ескеріп, қателіктерді түзеген екен. Шаруа алдағы уақытта да жалғасады. Бірақ, нұротандықтар тек осы проблемамен шектелмек емес.

Юлия Пронина – Петропавл қалалық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Қаладағы қоғамдық көліктерге біртіндеп электрондық билеттеу жүйесі енгізілуде. Осы ретте біз 12 санатқа жататын петропавлдықтар үшін әлеуметтік көмекті қарастырып отырмыз. Яғни, олар автобуста тегін жүру мүмкіндігіне ие болмақ. Әзірге, бұл жоба ғана, десе де алдағы уақытта іске асырылатынына сеніміміз мол.

Қаңтар айында шаһарға су жаңа қоғамдық көліктер жеткізіледі. Сатып алынатын автобустар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы болмақ. Дәл осы сәтте мәслихат отырысы өткізіліп, нұротандықтардың бастамасы қарастырылады. Бекітілген жағдайда аталған мақсатқа Петропавл әкімдігінен қаражат бөлінеді. Әлеуметтік көмек мына 12 санатқа беріледі деп жоспарланған.

1. 1 және 2 топтағы мүгедектер;
2. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
3. Барлық топтардағы 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
4. 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған заңды өкілдің біреуі;
5. ҰОС ардагерлері;
6. Өзге мемлекеттердегі ұрыстарға қатысқан ардагерлер;
7. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жандар;
8. “Батыр-ана”, 1 және 2 дәрежелі “Ана даңқы” ордендерінің иегерлері, “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлері;
9. Көпбалалы отбасылардың бір мүшесі;
10. Саяси қуғын-сүргін құрбандары;
11. Атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың бір мүшесі;
12. Көпбалалы аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары.

Рашбиль Евдаев – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Мүгедектігі бар жандардың дені жұмыс істемейді. Олар тек зейнетақы алады. Қаражат күнделікті тұрмысқа қажет дүниеден артылмайды. Ал, қоғамдық көлікпен діттеген жерге барып-келуіңе кемінде 160 теңге кетеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үлкен ақша ғой.

Жоба ойдағыдай іске асырылса, нұротандықтар әлеуметтік көмекпен аудандықтарды қамту мәселесін де көтеруді жоспарлап отыр.

Эльмира Садвокасова