Қоғам

Елімізде алғаш рет Архивистер күні аталып өтілді

Құнды деректерді көздің қарашығындай сақтайтын және тарихтың бұрмалануына жол бермейтін жандар. Елімізде ресми түрде “Архивистер күні” бекітілді. Бүгіннен бастап мамандар жыл сайын желтоқсанның 22-сі өздерінің төл мерекелерін атап өтетін болады. Атаулы күнде өңірлік мұрағат қызметкерлері 2020 жылды қорытындылап, елеулі жетістіктерімен бөлісті.

Абылай хан кезіндегі қазақ хандығы, Петропавл қаласының құрылуы, депортация мен репрессия, Ұлы Отан соғысы мен тың игеру және Тәуелсіз Қазақстан. Барлығы 1 млн 600 мың дерек. Елдің кешегісінен сыр шертетін, құпия болған жайттарды мәлім ететін ақпараттар облыстық архивте сақтаулы. Қор күннен күнге құнды мағлұматтармен толығып жатыр. Әсіресе, 2020 жылы өңір мұрағатшылары тарихта елеулі орны бар құжаттарды тауып, зерттеді. Соның бірі әрі бірегейі – 20-шы ғасырдың басындағы “Кедей сөзі”, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетінің алғашқы 2 нөмірі.

Ербақыт Амантай – “Soltústik Qazaqstan” газетінің бас редакторы:

– Биыл біздің “Солтүстік Қазақстан” газеті өзінің 100 жылдығын атап өтті. Бір ғасырлық мерекеге архив үлкен сый жасады.

Архив қызметкерлеріне ризашылығын тарих ғылымдарының кандидаты Людмила ГрИвенная да білдірді. Ғалым ұзақ уақыт бойы өлкемізде 1921 жылғы әскери коммунизмге қарсы шыққан шаруалардың көтерілісі тақырыбын зерттепті. Талай кітапты ақтарған ол тек мұрағатқа келгенде ғана істің анық-қанығына көз жеткізген.

Людмила Гривенная – Kozybayev University доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Архивтен тапқан құжаттар маған оқиғаның мүлдем басқа қырын көрсетті. Медальдің екі жағы бар дегендей, дәл осы көтерілістің де екі жағы бар екен. Осылайша тарихи деректерге жаңашылдық енгізе алдым. Қазір де мұрағаттағы мағлұматтарға сүйеніп, ауқымды зерттеу жұмысын жүргізудемін.

Құнды құжаттарды іздейді, өңдейді, сақтайды және онымен бөліседі. Ал аса маңызды мағлұматтарды сандық форматқа көшіреді. Осылайша, тарихтың бұрмалануына, жоғалуына жол бермейді. Бұның барлығы – архивистердің еңбегі. Биыл 22 желтоқсан мұрағат қызметкерлерінің күні ретінде бекітіліп, елімізде алғаш рет аталып өтілуде. Төл мерекелерінде мамандар 12 айда атқарылған шаруаны қорытындылады. 2020 жылы архив ақылы түрде көрсетілетін қызметтер есебінен 45 млн теңге пайда тапқан. Бұл – ел көлеміндегі үздік көрсеткіш. Қаражатқа құжаттарды сандық форматқа көшіретін қондырғы алынған. Жалпы бүгінде дейін құнды деректердің 10 пайызы цифрландырылды. “Архив 2025” бағдарламасы бойынша да қуантарлық нәтиже бар. Жоба аясында қызметкерлер өзге елдердегі мұрағаттармен тығыз байланыс орнатты.

Сәуле Мәлікова – СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Омбы архивінен құнды құжат табылды. Құжатта әскери ұйымдардың Қызылжар жеріне көшу туралы мағлұмат бар. Бұл – Ресей деректерінде Қызылжар өңірі туралы айтылған бірінші дерек.

1892-96 жылдарға тиесілі төте жазумен жазылған метркелік кітаптар да аударылды. Құжаттарда 19-ғасырдың соңында өмір сүрген жерлестер туралы ақпар бар. Архивтен ақ қайыңдар өлкесі мен Қазақстанның ғана емес, өзге бірқатар мемлекеттің тарихын білуге болады. Мәселен, мұрағатшылар Кеңес үкіметі кезінде біздің өңірге күштеп қоныс аударылған ұлт өкілдері туралы жинақ шығарды. Туынды бүгін барша республика мен басқа елдердің архивіне таныстырылды. Жоғары бағаға ие болған еңбекті енді Польша мен Ингушетия өз тілдерінде басып шығаруға ниеттеніп отыр.

Эльмира Садвокасова