МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері 12 айды қорытындылады

2 лауазымды тұлға жұмыстан босатылып, 250-ге жуық тұрғынның шағымы тыңдалған. Жиындардың дені онлайн форматта өтіпті. Жергілікті әдеп жөніндегі кеңес мүшелері 12 айды қорытындылады.

Жыл басынан бері жергілікті әдеп жөніндегі кеңес мүшелері 14 жиын өткізіпті. Оның 11-і қашықтықтан ұйымдастырылған. Қоғам белсенділері бүгін кезекті рет бас қос отыр. Әдеттегідей онлайн форматта. Бұл жолғы күн тәртібінде ешқандай мәселе қарастырылмайды. Оның орнына 12 айда тындырылған шаруа тізбектеліп, қорытынды шығарылады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 14 отырыста 55 сұрақ қаралды. 7 аудан әкіміне қатысты мәселелер талқыға салынып, көліктік бақылау инспекциясы, ауыл шаруашылығы басқармасы, индустриялық-инновациялық даму мекемесінің басшыларының баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 95 рет азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, 250-ге жуық тұрғынның шағымы тыңдалды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер арасында қанша заңбұзушылықтың орын алғандығын айтқан жоқ. Десе де, қанша адам «мемлекеттік қызметші» атағына кір келтіргендігі үшін орындарын босатқандығын мәлімдеді. Айтуларынша, биыл 2 бірдей лауазымды тұлға жұмыстан шығарылған. Алайда, олардың нақты қай жерде істегендігі және қандай себеппен босатылғандығы беймәлім. Белгілісі сол, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге аз. Оған қоғам белсенділері өткізген алдын алу шаралары себеп болыпты.

Ескендір Елеусізов – әдеп жөніндегі кеңес мүшесі:

– Әдеп жөніндегі кеңестің міндеті осы. Үкімет қызметкерлерінің жұмысында нормаларды сақтауды бақылайды. Айта кету керек, олқылықтардың алдын алу біздің міндетімізге жатады.

Кеңес мүшелері алдын алу шараларын алдағы жылы да белсенді түрде ұйымдастырып тұрмақ.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек