Құқық қорғау органдары

СҚО-да 4 сібір елігін атып алғандар ұсталды

СҚО-да 4 бірдей сібір елігін атып алғандар ұсталды! Полицейлер заңбұзушыларды желтоқсанның 5-і күні Мамлютка ауданындағы Меңгесер аңшылық шаруашылығы маңынан көлікпен өтіп бара жатқанда құрықтаған.

Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде темір тұлпардың ішінен қабына салынған тегіс ұңғылы мылтықтар, 42 оқ пен пышақ табылған. Ал жүксалғыштан бастары кесілген жануарлар анықталған. Іске 4 адамның қатысы бар екен. Оның екеуі – петропавлдық, қалған екеуі – аудан тұрғындары. Қазір аталған жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы “Заңсыз аңшылық” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жалпы биылдыққа өлкемізде 26 заңсыз аңшылық фактісі тіркелген.

Серік Әлжанов – Мамлют аудандық ПБ бастығы:

– Мылтықтар 54 және 48 жастағы аудан тұрғындарына тиесілі. Осы қос азамат күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлардың денесі, қару, автокөлік пен өзге де дүниелер тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде. 

Маржан Касымбек