МТРА жаңалықтары

Петропавлда энергетика саласының мамандары марапатталды

Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – энергетика саласы қызметкерлерінің күні! Бүгін жауапкершілігі жоғары қызметтің бірін таңдаған жандармен кездесу ұйымдастырылды. Жиында “Петропавл жылу жүйелері” кәсіпорнының 30-ға жуық маманына  төсбелгі мен грамоталар табыс етілді.

Петропавл жылу жүйелері 64-ші жылы наурыз айында жұмысын бастаған болатын. Серіктестік жыл сайын дамып, бүгінде мыңнан астам нысанды жылумен қамтып отыр. Мұнда 230-ға жуық адам қызмет етеді. Нәзіктік пен ержүректілікті бір бойына сыйдыра білетін Лидия Луканина да өмірінің 25 жылын осы салаға арнаған екен. Қазір зейнетте. Кезінде инженер болып еңбек еткен. Негізі құрылыс жұмыстарын бақылап жүрген екен. Ісіне жауапкершілікпен қарай білген жан бүгін «Ардагер энергетик» төсбелгісімен марапатталды.

Лидия Луканина – зейнеткер:

–  Құрылыс жұмыстарының басы-қасында болдым. Ер адамдармен бірге еңбек еттім. Биік ғимараттың үстіне де шықтым, терең жертөлеге де түстім. Тіпті, құбырдың ішіне де кіріп, ақаудың бар-жоғын анықтаушы едім. Сүйікті қызметімнен осындай марапат алып жатқаныма шексіз қуаныштымын.

Одан бөлек тағы 3 қызметкерге Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал кәсіпорынның техникалық бөлім бастығы Елена Шпортькоға «Құрметті энергетик» төсбелгісі тағылды. Нәзікжандының негізгі міндеті – маңызды құжаттарды ретке келтіру.

Елена Шпортько – «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС техникалық бөлімінің бастығы:


– Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдай уақыт өтті. Бастапқы жылдары өте қиын болды. Жиі олқылықтар жіберіп, құжаттарды толтыруда қателесетінмін. Бірақ, соған қарамай басшылық қолдау көрсетіп, алға жетелейтін. Бүгін де еңбегімді елеп жатқандарына алғысымды білдіремін. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.

Бүгінгіжиында “Петропавл жылу жүйелері” кәсіпорнының 30-ға жуық маманы марапатталды.

Маржан Қасымбек