МТРА жаңалықтары

Облыста сайлауалды бейпартиялық байқау орталығы құрылды

Сайлау әділ және ережеге сай өтуі тиіс. Қаңтардың 10-ы күні елімізде мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға халық қалаулыларын таңдау өтеді. Осы орайда өңірімізде сайлауалды бейпартиялық байқау орталығы құрылды. Арнайы іріктелген бақылаушылар учаскелерде дауыс берудің ашықтығын қадағалайтын болады.

 

Облыс бойынша сайлау бақылаушыларының жалпы саны 925 адамды құрап отыр. Құрамға түрлі саланың өкілдері енген. Әр учаскелік сайлау округінде – 3-4 адамнан, ал аудандарда 1 адамнан болады. Іс-барысын қадағалаушылардың қатарында БАҚ өкілдері де бар.

Жанат Мұхамеджанов – СҚО азаматтық альянсының төрағасы:

– Бақылаушылардың құрамы әр түрлі. Көбінесе үкіметтік емес ұйымдар мен ешқандай партияға кірмеген, өзінің ұстанымы, өмірлік көзқарасы бар кісілерді алдық.

Алдын ала іріктелген жандар қаңтардың 10-ы күні жұмыстарына кіріседі. Олар учаскеде сағат таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін болады. Егер қандай да бір ережебұзушылық анықталып жатса, бақылау комиссиясы сол жерде акті толтырады. Сондай-ақ, оны облыстық азаматтар альянсы мен кәсіподақ ұйымының өкілдеріне жолдайды. Дәлел ретінде фото немесе видеожазба жасауы қажет.

Жанат Мұхамеджанов – СҚО азаматтық альянсының төрағасы:

 

– Сайлауды бақылаудың мақсаты – бірінші дауыс беруді өткізу, дауыстарды санау және сайлау нәтижелерін айқындау мен заңдылықты сақтау. Екінші, сайлау процесін бағалау. Үшінші сайлауды адал және әділ өткізуге қауіп төндіретін мән-жайлар мен құқық бұзушылықтарды анықтау. Сонымен қатар, сайлау туралы конституциялық заң бар. Онда байқаушының құқықтары мен міндеттері толық жазылған.

Аймақтағы сайлауалды бейпартиялық байқау орталығы желтоқсанның басында құрылды. Қазір облыстық азаматтық альянс мүшелері түрлі партия өкілдерімен кездесіп, сайлау барысына байқау жүргізу турасында әріптестік бағытта жұмыс жасап жатыр. Бүгінге дейін арнайы өкілдер аталған шаруаны «Nur Otan», «ADAL» және «Ауыл» партияларында атқарған.

Бердимурат Баймухан