МТРА жаңалықтары

“Nur Otan” партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

Нұротандықтардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үміткерлердің бірі аудандарды аралап, халықпен тілдесіп жатса, екіншілері қаладағы көпқабатты баспаналарға барып, тұрғындарды қаңтар айында өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақыруда.

Бұл жолы үміткерлер Чайковский көшесі бойында орналасқан үйлердің тұрғындарымен тілдесті. Кандидаттар теріскейліктерге сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, жаднама қағаздарын таратты.

Мария Климина – қала тұрғыны:

– Мен елімізде өтетін сайлаулардың барлығына қатысып тұрамын. Бұл жолғы науқаннан да қалыс қалмаймын. Әзірге, кімге дауыс беретінімді білмеймін. Ең алдымен сайлауалды бағдарламалармен танысып алуым керек.

Дмитрий Колода – облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің бірі. Мамандығы бойынша заңгер. Сол себепті, жеке сайлауалды бағдарламасы да заң бағытына негізделген. Дмитрий Колоданың айтуынша заң халық үшін қабылданып, халық үшін жұмыс істеуі керек.

Дмитрий Колода – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

–  Шал ақын, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарына бардым. Жергілікті жұртшылықпен сөйлесіп, сайлауалды бағдарламамды таныстырдым. Әрі күнделікті онлайн жүздесулер өткізіп, тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап беремін.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қаңтардың 9-ына дейін жалғаспақ. Халық қалаулысы болуға ниет білдірген жандарға дауыс беру қаңтардың 10-ы күні ұйымдастырылмақ.

Ешкенова Дана