МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар Долматово селосында болды

Ауылда күрмеуі күрделі проблемалар жеткілікті. Өзекті сұрақтармен жіті танысып, мәселелерді бір жақты ету үшін қазір бас партия өкілдері елді мекендерді аралап жүр. Мысалы, Қызылжар аудандық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткерлер Долматово селосында болды. Халық мәдениет үйіне жиналды. Мұнда кандидаттар 7 негізгі бағытты таныстырды, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын тілге тиек етті.

Шынар Біләлова – Қызылжар аудандық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Әр ауылды алсақ та, селолық округті алсақ та, тұрғындарға басты керегі – таза ауыз су. Әр ауылды жарықтандыру да маңызды мәселе. Үшіншіден – жақсы, тегіс жол. Жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін біз күш салып, жұмыс істеп жатырмыз.

Әр кандидаттың сайлауалды бағдарламасы 7 негізгі бағытқа негізделген. “Жоспарымыз жүзеге асса, тұрғындардың тұрмысы біршама жақсарады”,- дейді олар. Сол үшін жұртшылықты 10-шы қаңтарда көңілдерінен шыққан үміткерге дауыс беруге шақырады. Жиын барысында тұрғындар да сөз алды. Долматов негізгі мектебінің директоры Марина Куприна селоларды сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.

Марина Куприна – Долматов негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Мен ауылдарда интернет нашар екендігін айтым келеді. Байланыстың жоқтығынан кейбір оқушылар сабақтарын жөнді оқи алмай отыр. Мұғалімдер де қиындық көруде. Бір сөзбен айтсам, қазіргі таңда интернетсіз өмір сүру қиын. Сондықтан бұл мәселені бақылауға алуларыңызды сұраймын.

Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын да естен шығармау қажет. Үміткерлер көпшілік көтерген мәселелерді бақылауға алатындықтарын айтты.

Алдияр Айтпаев