Аптадағы маңызды жаңалықтар

Келесі жылы өңірде 400 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылады

Өңірде құрылыс қарқыны жыл емес, күн санап артуда. Биылдың өзінде жерлестеріміздің қолданысына 3 мың пәтер берілді. 2021-де бұл межені тағы да арттыру көзделіп отыр. Баспанадан бөлек аймақта әлеуметтік маңызы бар нысандар да көптеп бой көтеруде. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралау барысында айтты.

Кран, бетон плиталары мен кірпіштер. Уәлиханов көшесі бойындағы 9 қабатты үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Шаруаға жауапты “Основание” серіктестігі іске жаз мезгілінде кірісті. Жобаны жүзеге асыруға 800 млн теңге құйылған екен. Мамандар жұмысты 2021 жылдың күзінде аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңа үйдегі 72 пәтер кілтін әр түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша алуға мүмкіндік болмақ.

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

– Бүгінде нысанның кірпішін қалап, терезелерін орнатудамыз. Баспананың қасбетін әйнекпен жабамыз, яғни келбеті әдемі болады. Қазір жергілікті құрылыс материалдарына қатысты біршама проблема бар. Мәселен, плитаны Қостанайдан әкелуге тура келді, кірпіш бойынша да осындай жағдай. Шама-шарқымызша шешіп жатырмыз.

Проблема кадр тапшылығында да байқалады. Бұл мамандардың жұмыстан кетіп жатқанынан емес, құрылыс көлемінің артқанынан дейді “Основание” серіктестігінің директоры. Мәселен, биыл компания 3,5 млрд теңгенің шаруасын атқарыпты. Ал 2019 жылы көрсеткіш 2 млрд-тан аз болған екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын құрылысқа қарқын қосылатын болады. Зәулім нысандар тұрғызып, қаланы абаттандырамыз. Шаруаға жұмыс қолының қажет екені түсінікті. Бүгінде колледж жатақханаларына бос жүрген, қыс мезгілінде ауылдан келіп еңбектенемін деген жандарды жайғастыруды көздеп отырмыз.

Зайсан ықшам ауданындағы өзгерістер ауыз толтырып айтарлықтай. Көпқабатты баспаналармен қатар 900 орынға шақталған білім ошағы да бой көтеріп жатыр. Нысанды “Құрылыс-Сервис СК” компаниясы тұрғызуда. Мектеп барлық заманауи білім стандарттарына сай болады. Уәлиханов көшесі бойындағы жобалардың барлығы реновацияның арқасында іске асырылып келеді. Яғни, еңкіш тартқан жер үйлер бұзылып, орнына жаңа нысандар салынуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі жылы тура осындай мектепті Тайынша ауданында салатын боламыз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұндағы спорттық алаңдарға білдей бір стадион сыйып кетеді. Қазіргі заманның тренді осы. Білім ошақтарына қатысты бюджет бекітілді.

Ал 2022 жылы қолданысқа мына коммерциялық 9 қабатты үй тапсырылмақ. Нысан Жас өркен ықшам ауданында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарын “Зерттеу СК” ағымдағы жылдың маусымында бастады. Компания пәтердің бір шаршы метрін 250 мың теңгеден саудалаймыз деп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– 3 жыл бұрын Петропавл қаласы бойынша тек 1 коммерциялық баспана тұрғызылды. Ал дәл қазір 14-і бой көтеруде. Мәселен, “Зерттеу СК” серіктестігі ағымдағы жылы 5 млрд теңгенің жұмысын істеген. Былтыр айналым – 2,5 млрдты құрапты.

Биыл облыс бойынша 3 мың пәтер қолданысқа берілді. Оның 625-іне қоғамның әлеуметтік әлжуаз тобына жататын кезекте тұрған жерлестеріміз қол жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінгі күні қала бойынша 32 көпқабатты үй салынып жатыр. Оның дені 1277 ескі үйдің орнына тұрғызудамыз.

Келесі жылғы меже бұдан да көп. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, 2021-де облыста 400 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылмақ.

Эльмира Садвокасова