МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Өңірде өткен тәулікте 63 адам инфекция жұқтырған

Өңірде КОВИД-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны біртіндеп төмендеуде. Соңғы аптадағы статистикада 457 адамның індетке шалдыққаны көрсетілген. Бұл өткен жұмадағы жұқтыру деңгейімен салыстырғанда 7,6 пайызға төмен дейді мамандар. Дегенмен, қазіргі күні стационарларда ем алып жатқан науқастар баршылық.

Бүгінде жергілікті ақ халаттылар облыстағы эпидахуалды тұрақты деп бағалап отыр. Тұрақты деулерінің себебі, қазір аймақтағы 1160 орынға шақталған инфекциялық стационарларда 540 адам ем қабылдап жатыр. Яғни, осы күні төсек-орындардың 53 пайызы бос.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде өлкемізде 1700-ге жуық адам амбулаторлық ем алып жатыр. Пандемия күшейген кезде науқастардың саны 2,5 мыңға дейін жетті. Қазір ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандардың саны 15-тен аспайды.

Өңірде тура бір апта бұрын карантин қағидалары біршама жеңілдетілді. Себебі, өлкеде инфекция жұқтырғандардың саны бірдіндеп азаюда. Осылайша бүгінде облысымыз – сары аймақта. Жалпы, облыста соңғы бір аптада 457 адам короновирус инфекциясын жұқтырған. Өткен аптамен салыстырғанда жұқтыру деңгейі 7,6 пайызға төмендеген.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

 

– Өткен тәулікте аймақта 63 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып алды. 40 тұрғынның бойында ауру белгілері анық байқалады. Ал 23і – симптомсыз науқастар тізімінде. Індетке шалдыққандардың басым бөлігі – петропавлдықтар.

Дегенмен, сырттан келгендердің бойынан да КОВИД-19 тіркелуде. Мәселен, қазанның 6-сы мен желтоқсанның 19-ы аралығында облыс аумағына шекаралық бақылау пункттері арқылы 39 мыңнан астам адам өтпек болған. Оның 2134-інде ПТР анықтамасы болмапты. Сондықтан, олардың барлығы карантиндік стационарларға орналастырылған. Зерттеу кезінде 208 адамның бойынан тәжді вирус анықталған. Өңірдегі 4 бірдей ПТР зертханасында пандемия басталғалы бері 20 мыңға жуық тест жасалыпты.

Дана Сәлімқызы