МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Бүгін қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында Петропавлдың 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы талқыланды.

Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың жалақысын арттыру мәселесі қаралды. Биыл олардың саны 885-тен 634-ке дейін қысқарған. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жанболат Батырбековтың айтуынша бұл сала республикалық бюджеттің аясында қаржыландырылады. Ақша аз бөлінген соң бұл бағыттағы жұмыс орындары да азайған көрінеді.
Келесі қаралған сұрақ – Петропавлдың алдағы 3 жылдағы бюджеті. Мамандардың айтуынша келер жылы қаланың өзіндік кірісі шамамен 17 млрд теңгені құрамақ. Бұған 13 млрд теңге салық түсімдері қосылады. Бұл ретте көлік салығына тоқтала кеткен жөн. Мәселен, Ресей мен Армениядан көлік әкелгендер де келесі жылы мемлекет есебіне ақша аударады. Бүгінге дейін қозғалтқыштарының көлемі 4 литрден асатын 787 темір тұлпар есепке алынған. Олардың есебінен қазынаға 280 млн теңге түседі.

Жанболат Батырбековтың – қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Түскен қаржы есебінен 52,3 млн теңгеге ашық су өткізу құбырларын орнатамыз. Көпқабатты тұрғын үйлерді қалыпқа келтіреміз. Ғимараттардың сыртын бояу үшін 50 млн теңге, нысандарды жарықтандыруға 25 млн теңге және балалар ойын алаңқайларын қалыпқа келтіруге 10 млн теңге бөлінеді. Ал жеке санаттағы адамдарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отырмыз.

 

Бердимурат Баймухан