ТЖ

1 аптада – 24 өрт оқиғасы

Жылыту маусымы басталғалы аққайыңдар өлкесінде өрт оқиғаларының саны артқан. Өткен жұманың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында 24 факті тіркелді. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 тұрғын жарақат алды. Бұл жайлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Өткен жұма жергілікті құтқарушылар үшін оңайға соқпады. Себебі, облыс аумағында желтоқсанның 13-і мен 20-сы аралығында 24 өрт оқиғасы тіркелді. Көбінесе қызыл жалын жеке тұрғын үй секторында бас көтерген. Алғашқы төтенше жағдай жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Петропавлдағы Войков көшесінде орналасқан 1 қабатты баспанада орын алды. Салдарынан 66 жастағы үй иесі көз жұмды.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қызыл жалын бас көтерген нысанның шатыры мен кіреберіс бөлмесі жанған. Сондай-ақ, үй иесінің жеке мүліктерін және тұрмыстық заттарын күйік шалған. От шарпыған жалпы аумақ 45 шаршы метрді құрайды. Мамандар тілсіз жауды түнгі 3-тен 18 минут кеткенде толықтай сөндірді.

Тағы бір факті 15-ші желтоқсан күні Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское селосында тіркелді.Қызыл жалын 2 қабатты тұрғын үйден шығыпты. Ол аздай, газ баллоны жарылып, “Лэнд Крузер Прадо” маркалы автокөлік жанып кеткен. Баспана ішінде болған ие иесін күйік шалып, азамат ауруханаға жеткізілген екен.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Соңғы кезде облыс аумағында өрт оқиғасы жиілеп кетті. Оның негізгі себебіне тоқталайын. Кейбір тұрғындар жылыту маусымы кезінде отқа немқұрайлы қарайды. Осының салдарынан тілсіз жау бас көтереді. Жерлестерімізді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз.

Бүгінде департамент өкілдері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жылыту маусымы басталғалы мамандар қаламыздағы 35 мыңға жуық үйге барып, жерлестерімізге сақтық шаралары жазылған қағаздар таратқан екен.

Казиканова Алтынай