Мәдениет

Шоқан Уәлихановтың дүниеге келгеніне – 185 жыл

Тарихшы, шығыстанушы әрі этнограф Шоқан Уәлихановтың дүниеге келгеніне биыл – 185 жыл. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Шоқан – суретші” атты онлайн іс-шара өтті. Ғалым  қамшының сабындай қысқа ғұмырының 12 жылын  экспедицияға арнаған. Сол өмір кезеңінде таңғажайып табиғатты, көне кесенелер мен ескерткіштерді көркем бейнелеген. Өңір кітапханашылары  Шоқанның суретшілік қырын әңгімеледі.

Көпшілік Шоқан Уәлихановты ғалым, шығыстанушы, ағартушы, тарихшы ретінде таниды, ал суретшілік өнерін біреу білсе, біреу білмейді. Өз заманында біртуар перзент реалист суретші деген атаққа ие болған. Қазір оның туындыларының біразы Ресей архивтерінде сақтаулы тұр. Өкінішке қарай, бізде көшірме ретінде кітап бетіне ғана түсірілген.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

–  Бүгінгі күнде оның 150-ге тарта суреті сақталған. Олар бұрындары ескі басылымдарда жарияланған. Суреттер Мәскеу, Санкт-Петербор архивтерінде сақталған, Томск қаласындағы Григорий Потанин атындағы архивтен де суретшінің туындыларын табуға болады.

Шоқан Уәлиханов суретшілік өнерге небәрі 7 жасында қызығыпты. Ғалымның бала күнінде Құсмұрын ауылына ресейлік геодезистер келген екен. Мамандардың жұмысын бақылап жүріп зерек Шоқан бейнелеу өнерінің қыр-сырын таниды. Есейген сайын өзінің шеберлігін арттырады.

Кәмшат Әбілкәрімова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Ең бірінші суретін Шоқан Уәлиханов Омбы қаласында салған еді. Генерал губернатордың үйін көркем суреттеген. Суретте Шоқан Уәлиханов үйдің күрделі архитектурасын көрсетуге тырысқан.

Шоқанның суреттерінің көбі жоғалып кеткен. Кейбір туындылары зерттеушілердің, коллекционерлердің қолында көрінеді. Тіпті, Шоқан Уәлиханов өз қолтаңбасын қалдырмаған туындылар да бар екен. Ал оны ұлы тұлғаның еңбегі екендігін дәлелдеу қиын дейді мамандар.

 

Алдияр Айтпаев