Денсаулық сақтау

Облыс халқының 80%-ы медициналық тұрғыда сақтандырылған

Облыс халқының 80%-ы медициналық тұрғыда сақтандырылған. Бұл жандар ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудың арқасында бірқатар қызметке тегін қол жеткізе алады. Тағы дәрі-дәрпекпен де қамтамасыз етіледі.

Бұл – компьютерлік томография кабинеті. Былтыр мұнда 3,5 мыңнан астам адам тексерістен өткен. Ал биылғы көрсеткіш 6,5 мыңға жақындайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері келушілердің саны – 2 есеге, жұмыс көлемі 5 есеге ұлғайды дейді мамандар. Әсіресе, көктемде, яғни пандемия басталған шақта жүктеме артқан. Себебі, КТ арқылы covid-19 инфекциясын айқын анықтауға болады екен.

Иван Лейман – облыстық көпбейінді аурухананың компьютерлік томография дәрігері:

– Кабинетке күніне шамамен 40-50 адам келеді. Олар түрлі шағыммен жүгінеді. Негізі КТ-дан өту үшін 12 мыңнан 35 мың теңгеге дейін төлеу қажет. Ал қазір науқастардың 99%-ы МӘМС аясында тексерістен тегін өтуде. Бірақ, бір жайтты ескеру қажет. Мұндай тексерістен дәрігердің тағайындауынсыз өтуге рұқсат етілмейді.

Ал МРТ кабинетінде жұмыс істейтін мамандар күніне 20 адамға дейін қабылдайды. Келушілердің 80%-ы – сақтандырылған жандар. Биыл облыстық ауруханада 30 адамға шақталған оңалту орталығы ашылды. Бүгінге дейін мұнда 500-ге жуық науқас оңалтудан өтіпті. Оның 200-і
коронавирус жұқтырған тұрғындар екен. МРТ да, оңалтудан өту де Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүзеге асырылады. Яғни, сақтандыру қорына ай сайын жарна аударып тұрған ағайын емдеу мекемесіне қосымша ақша төлемейді.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:

– Былтыр МРТ және КТ тек мүгедек, зейнеткер және 18 жасқа толмаған жандар үшін тегін болды. Ал биыл сақтандырылған жандардың барлығы аталған қызметті ақысыз ала алады. Жалпы, облыстық ауруханада жыл басынан бері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 15 мыңға жуық адам түрлі медициналық қызмет алды.

Ал бұл – көпбейінді қалалық аурухана. Мұнда хирургия, травматология, гинекология бағыттары негізінде көмек көрсетіледі. Тағы емдеу мекемесінде қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, жыл басында оңалту кабинетіне жалпы сомасы 8 млн теңгені құрайтын түрлі су жаңа жабдықтар сатып алыныпты. Бүгінге дейін мұнда 200-ге жуық адам қызмет алған екен. Одан бөлек, 100-ден аса жанға жоғары технологиялық операция жасалыныпты.

Антонида Океанова:

– Менің тізелерім сыр беріп, жүруім мұңға айналып еді. Хирург мамандар операция жасауға кеңес берді. Ауруханаға жатқан соң дәрігерлер келесі күні-ақ ота жасап, тізелеріме протез орнатып берді. Қазір оңалтудан өтіп жатырмын. Қуанышыма орай, барлығы сәтті өтті және зейнеткер ретінде қызмет тегін көрсетілді.

Еске сала кетейік, қорға жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Тізімде зейнеткерлер де бар. Жалпы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында консультативтік-диагностикалық және стационарлық көмек тегін ұсынылады. Тағы науқастар дәрі-дәрмектің бірқатар түрімен қор есебінен қамтамасыз етіледі.

Руслан Тасов – қалалық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Біз науқастарға қабынуға қарсы препараттар береміз. Тағы, антиагреганттар және дәрумендермен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, науқастар физиологиялық емдеуден тегін өте алады. Айта кеткен жөн, аурухананың дәрі-дәрмек қоры әр ай сайын толықтырылып отырады. Сол себепті, препарат тапшылығы сынды мәселе орын алмайды.

Айта кетейік, өңір халқының 80%-ы сақтандырылған. Мәртебені анықтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтына немесе eGov порталына кіру қажет.

Бисенова Жанна