МТРА жаңалықтары

2021 жылдың наурызында отандақ вакцинамен жаппай екпе егу науқаны басталады

Келер жылдың наурызынан бастап елімізде отандық вакцинамен жаппай екпе егу науқаны басталады. Оған әр адам өз қалауы бойынша қатыса алады. Алдымен медициналық қызметкерлер, оқытушылар мен созылмалы аурулары бар тәуекел тобындағы адамдар вакциналанбақ.

Қазіргі күні Қазақстанда жасалып жатқан “QazCovid-in” атты вакцина клиникалық сынақтардың І және ІІ фазасынан өткен. Зерттеулердің алдын ала нәтижесі бойынша вирусқа қарсы дәрінің ешқандай кері әсері байқалмапты. Оның тиімділігі 96 пайызды көрсетіп отыр. Кеше Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Мамин Білім және Ғылым Министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен жүздесіп, жұмыстарымен танысты. Отандық ғалымдар 25-ші желтоқсан күні клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңін бастамақшы екен. Айтуларынша вакцина еліміздің 3 мың ерікті азаматына егіледі. Сондай-ақ, Үкімет басшысы Қордай ауданындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылыс барысымен танысты. Ауқымды шаруа келер жылдың көктемінде тәмамдалады және өндіріс қуаттылығы жылына 60 млн дозаны құрамақ.

Бердимурат Баймухан