МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы қайырымдылық акциясы

“Эра милосердия” қоғамдық бірлестігі осымен 15-ші жыл қайырымдылық акциясын өткізуде. Биылғы шарапаты мол іс-шара аясында жаны жайсаң жандар 76 жанұяны алдағы мерекелермен құттықтап, азық-түлік пен сыйлықтар табыс етпек. Бүгін ұйым өкілдері 5 отбасыға қуаныш сыйлады.

“Эра милосердия” қоғамдық бірлестігі жыл сайын көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап барады. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Бірлестік өкілдері Аяз ата мен Ақшақарды алып, қаламыздағы 5 баспанаға бас сұқты. Тізімде Даниленко жанұясы да бар. Қонақтардың қолында азық-түлік пен сыйлықтар бар. Ұл-қыздар базарлыққа мәз болды.

Елена Даниленко – көпбалалы ана:

– Қуанышымда шек жоқ. Құттықтап келген кездегі сезімімді, балаларымның қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Еріктілер мен өңіріміздегі қоғамдық бірлестіктер әр мерекеде құттықтап, сыйлықтар табыс етеді. Біз өте ризамыз!

Былтыр көпбалалы отбасы тұратын үйдің шатыры бұзылып қалыпты. Бұл жағдайға қоғамдық бірлестік жетекшісі Галина Калинкина бей-жай қарап отыра алмаған екен. Ол қор ашып, жөндеу жұмыстарына қажетті ақшаны жинап беріпті.

Галина Калинкина – “Эра милосердия” ҚБ жетекшісі:

– Біз жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеміз. Демеушілеріміз баршылық. Олар – жақсылық жасауға жандары құмар азаматтар мен азаматшалар. Мысалы, сондай жерлестеріміздің бірі әр сайын 10 отбасыға 500 мың теңгенің азық-түлігін үлестіреді.

“Эра милосердия” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған игі шара Петропавлда желтоқсанның 22-сіне дейін жалғаспақ. Кейін жомарт жандар ауылдардағы отбасыларды мерекемен құттықтап, азық-түлік пен сыйлықтар таратпақ.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев