МТРА жаңалықтары

Мәдениет пен өнер саласының мамандары марапатталды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері марапатталды. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен 20-ға жуық маманға ел Президенті және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен төсбелгілер табыс етілді. Ал 3 солтүстікқазақстандыққа “Халық алғысы” медалі берілді.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімнің орынбасары:

– Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Тәуелсіздіктің арқасында біз осы деңгейге, жетістікке жетіп отырмыз. Мәдениет, өнер саласындағы сіздің еңбегіңіз – елдің игілігіне. Сол жұмысқа үлкен табыс тілеймін.

Іштегі сезімді жүректен жүрекке жеткізетін жандар. Аида Сұпатаева театр сахнасында актриса боп тер төгіп жүргеніне 20 жылдай уақыт өтіпті. Талай жылдық тәжірибесі бар өнер иесі кез келген образды айнытпай салады. Бүгінге дейін 40-тан астам рөл сомдап, көптің қошеметі мен сүйіспеншілігіне бөленіпті. Жиында өңірде мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген нәзікжандыға Президентінің Құрмет грамотасы табыс етілді.

Аида Сұпатаева – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Біздің жұмыс – адамның жан-сырын зерттейтін мамандық. М.Жұмабаев айтқандай: «Адамның жан дүниесі теңіздің түбінде жатыр». Осындай күрделі дүниенің түбіне жету мүмкін емес.

Ал Рашид Сұлтанов – өңірде музыканың джаз жанрын дамытуда ерен еңбек етіп жүрген жандардың бірі. Өнер иесі саксафонда ойнайды.

Осыдан 20 жыл бұрын аталған бағытта өнер көрсететін жастардың тобын да құрған екен. Рашид Сұлтанов бүгін “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

Рашид Сұлтанов – Ақан сері атындағы облыстық филармониясы эстрадалық және джаз музыкасы оркестрінің әртісі:

– Ән мен әуен – ішкі жан дүниеміздің айнасы. Адамның қандай музыка тыңдайтынына қарап, оның қандай күйде жүргендігін түсінуге болады. Құрал-аспаптан шыққан үннің көмегімен жанға жұбаныш таба аласыз. Музыка маған осысымен ұнайды. Еңбегімді бағалағандары үшін алғысым шексіз.

Мұндай марапатқа Рашид Сұлтановтан бөлек, тағы 7 талантты жан лайық деп табылды. Сондай-ақ, мәдиет саласының 3 маманына коронавируспен күрес кезінде қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсеткендігі үшін «Халық алғысы» медалі табыс етілді.

 

 

Маржан Касымбек