Бизнес және экономика

Көтерме-тарату орталығында биыл жаңа қойма салынды

Петропавлдағы көтерме-тарату орталығында биыл жаңа қойма салынды. Нысанда азық-түлік пен шаруашылық тауарлары сақталады. Жалпы сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайды.

Бұл – өңірдегі жалғыз көтерме-тарату орталығы. Ол қаламызда осыдан 3 жыл бұрын пайда болды. Мұндағы көкөніс қоймасы аймақта азық-түлік тапшылығын болдырмауға әрі бағаны жылдың кез келген мезгілінде тұрақты етуге септеседі. Шілде айында жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын тағы бір қойма салынды. Бұл жерде тұтынатын өнімдерден бөлек, шаруашылық тауарлары да сақталады. Айта кету қажет, нысанда жергілікті аграрийлер мен кәсіпкерлер өздеріне тиесілі дүниелерді артық шығынсыз сақтай алады.

Владимир Михаленко – “Радуга” ЖШС қоймалық логистика директорының орынбасары:

– Көкөніс қоймасынының жылдық тауар айналымы 150 млн теңгені құрайды. Ал жақында пайда болған Б+ категориялы қойманың жылдық тауар айналымы 3 млрд теңгенің шамасында. Нысанда бір уақытта 10 мың тонна өнімді сақтауға болады. Біздің мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажетті дүниелердің құнын 20%-ға дейін төмендету.

Жалпы, бүгінде орталықта 70-ке жуық адам еңбек етеді.

Владимир Михаленко – “Радуга” ЖШС қоймалық логистика директорының орынбасары:

– Кәсіпорын “М-пластика”, “YORK”, “Сладкая сказка” сынды қазақстандық және шетелдік брендтермен жұмыс істейді. Одан бөлек, өзіміз де түрлі өнім шығарамыз. Яғни, импортты алмастыру бағытында тер төгіп жатырмыз. Біздің тауарлар қолжетімді бағамен сатылады деп сеніммен айта аламын.

Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі жылы орталық маңында көкөніс өсіретін жылыжай салу жоспарланып отыр. Бұған 3,5 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылмақ.

Бисенова Жанна