Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жоспарлар орындалып, өндіріс бағытындағы зауыттардың тапсырыс портфелі артты. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов атап өтті. Отырыста өңірдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Қаңтар мен қараша аралығындағы нәтижеге сәйкес, әрбір негізгі сала бойынша өсім байқалады.

Арсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Қаңтар-қараша бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші келесі: негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда – 20,4, құрылысы – 12,7, тұрғын-үй енгізу көлемі – 12, өнеркәсіп өндірісі – 7, ауыл шаруашылығы 0,7 процентке өсті. Ал бөлшек-сауда 2,9 процентке төмендеді.

Аграрлы саладағы жоғары көрсеткіш өсімдік шаруашылығы есебінен орын алып отыр. Бұл ретте өңірдің 9 ауданы әбден тырысқан көрінеді. 11 айдың ішінде түскен пайда өткен жылмен салыстырғанда көбірек. Алайда, Уәлиханов, Қызылжар мен Мамлют көшті сәл артқа тартуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жоспар іске асырылды. Өнім көлемі 765 млрд теңгеге жетіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 154 млрд теңгеге жоғары. Сүт көлемі 5,4 процентке өсті. Еттің де көлемі 4,1 процентке өскені байқалады.

268 млрд теңге. Бұл – өңірдегі кәсіпорындардың қаңтар мен қараша аралығындағы жұмысының қортындысы. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Абырой болғанда, 9 айға созылған карантин пен шектеу шараларының зауыттардың шаруасына айтарлықтай кері әсері тимеді. Керісінше өндіріс ошақтары 2020 жылды жақсы жаңалықтармен қорытындыламақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өндіріс саласының әр бағыты бойынша тапсырыс портфелі артты. Мәселен, біздің зауыттар мұнай-газ кешенінде жұмыс істейтін кәсіпорындарға өнімді – 11, энергетика кешеніне 40 процентке көбірек жеткізетін болады. Сондай-ақ, тау-кен өндірісіне қажет материалдар – 1,7, темір жолға арналған тауар көлемі 9 есеге көп шығарылмақ.

Өңірдің инвестициялық климаты қолайлы екені осыған дейін де талай айтылды. Бүгінде бұл сөздер іспен дәлелденуде. Жыл басынан облыс капиталына 226 млрд теңге құйылып, бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Атап өту қажет, тартылған әрбір 4 теңгенің 3 теңгесі жеке инвестиция екен. Мақсат – істі келесі жылы жаңа қарқынмен жалғастыру. Дәл осындай меже баспананы енгізу саласына да қойылып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл 40 учаскеде баспана тұрғызылып жатыр. Шаруаға жеке құрылыс компаниялары белсене ат салысуда. Дәл қазір Петропавлда бой көтеріп жатқан 14 үй осы серіктестіктерге тиесілі. Бұл өте жақсы тенденция деп білеміз. Облыс орталығында реновация жобасы да сәтті іске асырылып жатыр. Жұмысты жалғастыру үшін 2021 жылға бюджеттен ескі үйлерді сүруге ақша қарастырылған.

Жалпы құрылыс көлемі 11 айдың ішінде едәуір артты. Көрсеткіш өңір бойынша жаңа нысандардың бой көтергенін ғана емес, инфрақұрылымның жақсарғанын да білдіреді. Жаз бойы облыстың түкпір-түкпірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнделді. 74 елді мекендегі ауылішілік жолдар қалыпқа келтіріліп, 76 селоны сумен қамту сапасы жақсарды. Ауқымды шаруаның игілігін қазір өңір тұрғындары көріп отыр.

 

 

Эльмира Садвокасова