МТРА жаңалықтары

Өңірде «Менің туым, менің Елім!» акциясы өтіп жатыр

«Менің туым, менің Елім»! Облыста Тәуелсіздік мерекесіне орай ауқымды акция өткізілуде.

Шара қатысушылары өз үйлерінің терезесі мен балконына егеменді еліміздің көк байрағын ілуде. Жалпы, акцияға бүгін 150-ге жуық жерлесіміз ат салысты. Айта кетейік, мұндай бастама аймақта алғаш рет қолға алынып отыр. Себебі, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарына патриоттық сезімдерін білдіру үшін туымызды ғимараттар мен балкондарға ілуге рұқсат берді.
Осыған байланысты акцияға қатысқан солтүстікқазақстандықтар аспан түстес рәмізімізді бүгін ғана емес, басқа да маңызды мерекелерде көпшілік назарына ұсынып тұрамыз дейді.

Бақытжамал Әубәкірова – қала тұрғыны:

– Челленджге біз де қатысып жатырмыз. Ту бұрын мемлекеттік органдарда ғана ілулі тұратын. Осы жылдан бастап қарапайым тұрғындарға да үйлеріне ілуге рұқсат берілді. Бірақ, байрақты балконға шығарғанмен оған деген үлкен жауапкершілік таныту қажет. Мемлекеттік рәміз жерге түсіп қалмауы қажет және әрқашан биік жерде тұруы тиіс.

Мұса Әубәкіров – СҚО ішкі саясат басқармасының маманы:

– Аталған акцияға петропавлдықтармен қатар аудан азаматтары қатысуда. Қатарымызда 150 адам бар. Олардың 30-ы облыс орталығында көк туымызды терезе мен балкондарына іліп қойды. Іс-шара желтоқсанның 18-іне дейін жалғасады. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған акцияға кез келген тұрғын қатыса алады. Мұндай бастаманы биыл ғана емес, келесі жылдары да қолға алуды жоспарлап отырмыз.

 

 

 

Бердимурат Баймухан