Құқық қорғау органдары

Петропавлда зейнеткерлерді алдап жүрген алаяқ келіншек ұсталды

Өзін дәрігермін деп таныстырып, жалғызбасты зейнеткерлердің ақшасын қолды қылып отырған. Облыс орталығында бұрын сотты болған 43 жастағы әйел адам құрықталды. Ол 8 бірдей қарттың сеніміне кіріп, 3 млн теңгені жымқырып кеткен.

Баукеспе 1 схема бойынша бірнеше адамды сан соқтырған.
Дәрігер киімін киіп алып, зейнет жасындағы адамдардың үйін аралаған екен. Есік қаққанда пәтер ішіндегі аңғал жандарға профилактикалық тексеріс жүріп жатыр деп жалған айтқан. Ал әңгіме барысында ақша ауысады деп сендірген. Онымен қоймай, жиған-тергендеріңіз болса маған беріңіздер, мен сіздерге ауыстырып әкелемін деген.

– Үйіме келген әйел осы айда сізге 42 мың теңге түседі деп айтты. Ал келесі айда оны картадан шешіп ала алмайсыз, себебі ақша ауысады деді. Кейін “Жинаған ақшаңыз бар ма?” деп сұрады. Мен бар деп шындықты айтып қойдым. Олай болса қаржыңызды маған беріңіз, айырбастап әкелемін деп қашып кетті.

Полиция қызметкерлері осындай 1 емес, 8 бірдей қылмысқа қатысы бар деген күдікпен әйелдің ізіне түседі. Көп ұзамай пысықай қоғамдық көліктердің бірінде құрықталады. Ол бұған дейін осыған ұқсас заңбұзушылық жасағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласында сотты болыпты.

Алаяқ жалғызбасты зейнеткерлердің тізімін қайдан алған? Мекен-жайларын қайдан біледі? Бұл жерде пысықайдың серіктесі бар деген күдік туындайды. Қазіргі таңда мамандар ұрыға көмектескен жанды анықтауда.

Шалқар Оразбаев – қалалық ПБ мүліктік қылмыстарды ашу бойынша бөлімшесінің бастығы:

 – Тамыз айында полиция бөлімшесіне бірнеше зейнеткер келді. Олар белгісіз бір әйелге алданып қалғандарын айтып, арыз жазды. Біз қылмыскерді іздестіруге кірістік. Жалпы, баукеспе 3 млн-нан астам ақшаны қолды қылған.

Қазіргі уақытта 8 факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-ші бөлігі “Ұрлық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.

 

 

 

Ешкенова Дана