МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі онлайн қоғамдық қабылдау өткізді

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кезекті рет онлайн қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жолы өңір жетекшісі 4 адаммен тілдесті. Тұрғындардың бірін жер мәселесі алаңдатса, екіншісі пана сұрауға мәжбүр. Сауалдың соңғысы Николай Щепеткин есімді мүмкіндігі шектеулі жанға қатысты. Ол қаңтар айында ота жасатпақшы екен, одан кейін барар жерім жоқ дейді.

Карантин режиміне қарамастан солтүстікқазақстандықтар жеке мәселелері бойынша әкімге жүгіне алды. Әрине, онлайн форматта. Көтерілген мәселелердің бірі жерге қатысты. Қала тұрғыны Анна Дубровская осыдан 7 жыл бұрын Қызылжар ауданы Тепличное елді мекенінде жер сатып алып, баспананың құрылысын бастаған. Алайда, құжаттарды тексере бастағанда бұл жерде Еуразиялық компанияның орналасқаны анықталды.

Анна Дубровская – қала тұрғыны:

– Жер учаскесі “GPS”-те көрсетілмеген, оның орнында Еуразиялық компания тұр. Бұл қателік тек құжаттарда ғана бар, жер учаскесін ары қарай қолдану, не болмаса сату үшін құжаттарды дұрыстап беруді сұраймын. Ал шын мәнінде Еуразиялық компания менің жер учаскемнен бірнеше метр алшақта тұр, яғни біз көрші болып келеміз. Мен бұл жерді алу үшін үйімді саттым. Қазір баспанасыз қалып отырмын.

Құмар Ақсақолов бұл мәселені Қызылжар ауданының әкіміне жеке жүктеп, дереу түрде шешуді тапсырды. Келесі 2-ші топтағы мүгедек Николай Щепеткин әкімге өз базынасын айта келген. Қарияның айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айында жамбасына ота жасалуы тиіс. Қазіргі уақытта Петропавл қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығында ем алып жатыр. Отадан соң қарияның баратын жері жоқ. Бұған дейін М.Жұмабаев ауданында, содан соң он айға жуық Смирнов елді мекеніндегі мүгедектерге арналған интернатта тұрыпты.

Николай Щепеткин:

– Әлеуметтік бейімдеу орталығында уақытша тұратын мерзімді 2 рет ұзартты. Отадан соң баратын жерім жоқ, денсаулығымды біраз қалпына келтірген соң жұмыс істеп, баспанама төлейтін ақша тауып өзімнің күнімді өзім көруге дайынмын. Мені, дұрыс түсініңіздер, отадан соң мен тұрып, жүре де алмаймын ғой.

Алмас Қошманов – СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Смирнов елді мекеніндегі мүгедектерге арналған интернатқа қайта орналастыруға болар еді. Алайда, жасалатын отадан соң Николай Шепеткин 2-ші топтан 3-ші топтағы мүгедектікке ауысады. Ал бұл интернатқа орналастыру ережесіне сай келмейді.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, баспанаға кезекке 1-2 топтағы мүгедектер ғана тұра алады, қарияны жылыту маусымы аяқталғанша дейін әлеуметтік бейімдеу орталығында қалдыра аламыз деп уәде етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Николай Анатольевич, мәселеңізді түсіндім. Алдаға ота жақсы өтеді деп сенемін, тезірек сауығып кетіңіз. Содан соң біз сізге жұмысқа орналасуға көмектеміз. М.Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамып жатыр ғой, бізге ауданда кәсіби мамандар қажет.

Мамлютка ауданы Становое ауылының тұрғыны Светлана Гарифовна көпбалалы ана ретінде баспанаға кезекте сегізінші болған. Бұл кезек бір жылда тек бір ғана адамға жылжып, енді жетінші болып тұр. Облыс әкімінен Мамлют ауданында көп пәтерлі үйлер салына ма деп сұрады. Жоспарға сай, Мамлют ауданында көпбалалы аналар мен дәрігерлерге арналған тұрғын үйдің құрылысы келесі жылы басталмақ. Ал қала тұрғыны Василий Шуньконың кәсібі карантинге байланысты құрдымға кетіп барады. Василий таза ауада спортпен шұғылдану, керісінше адам ағазасына пайдалы екенін айтып, демалыс күндері және мереке күндері петропавлдағы жалғыз шаңғы тебу экстрим паркінің жұмысын жандандыруды сұрады.

Василий Шунько – қала тұрғыны:

– Өскемен, Алматы Көкшетау қалаларында шаңғы тебу кешендері толығымен жұмыс істеп жатыр. Ойлап қарасақ, шаңғы тебу – белсенді спорт түрінің бірі. Бізге дене қызуы көтерілген адам келмейді әрі таза ауадамыз. Барлық санитарлық шараларды ұстануға дайынбыз тек рұқсат берсеңіздер болды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Василий, сіздің ойыңызбен толықтай келісемін. Адамдар бос уақыттарын пайдалы өткізулері тиіс. Облыста 14 желтоқсан сағат 00-ден бастап карантин режимі біршама жеңілдетіледі. Дүкендер мен сауда-саттық орталықтарының жұмыс істеу мерзімі ұзартылды. Сондықтан, сіздің кәсібіңіздің жұмыс істеу тәртібіне оң әсер береді деген ойдамын. Сіз атап өткен қалалардағы әріптестермен хабарласып, санитарлық нормаларды қалай сақтап жатқанын анықтаймыз. Сізге жауабын беретін боламыз.

Өңір басшысы арыз-шағымдарды және ұсыныстарды жеке бақылауына алып, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жан-жақты зерделеуді тапсырды.

 

 

 

 

Култанов Байболат