МТРА жаңалықтары

Өңірдің дамуына үлес қосқан жандар қошеметке бөленді

Бүгін облыстық әкімдікте Тәуелсіздік күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өңіріміздің дамуына үлес қосқан жандар қошеметке бөленді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов 20-дан астам жерлесімізге түрлі дәрежедегі орден, медаль мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасын табыстады. Марапатталғандардың қатарында ауыл шаруашылығы, медицина, білім мен мәдениет саласының өкілдері бар.

 Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Баршаңызды Ұлы дала елінің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл ел Тәуелсіздігіне 29 жыл толып отыр. Жиырма тоғыз жыл тарих үшін ұзақ уақыт емес. Десек те, осы кезеңде зор жетістіктерге қол жеткіздік. Қай саланы алсақ та өркендеп, даму үстінде.

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Ал оны тұғырлы ету жолында еңбек еткен солтүстікқазақстандықтардың қатары мол. Мәселен, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов туралы айтсақ қателеспеспіз. Сексен сегізді алқымдаған қарт жұмысқа 10 жасында кірісіпті. Жастайынан еңбекке араласып, мол тәжірибе жинақтаған жан тәуелсіздік жылдары өңіріміздің бірнеше ауданында тер төккен. Өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Бүгін сіңірген еңбегі тағы бір рет еленіп, «Парасат» ордені табыс етілді.

Жақсылық Ысқақов – еңбек ардагері:

– Мен агроном болып 3 шаруашылықта жұмыс істедім. Совхоздарда бас агроном болдым. 2 ауданды құрдым.

Ауыл шаруашылығынан бөлек мұғалімдер, кәсіпкерлер мен медицина саласы қызметкерлерінің де еңбектерін атап өтпеске болмайды. Көктемдегі төтенше жағдай кезінде ауыртпашылықтың басым бөлігі осы жандардың иығына артылды. Ал өңірдің өнерпаз жандары болса карантин уақытында тұрғындарға арнап түрлі онлайн концерттер ұйымдастырды. Сондай жандардың бірі – мәдениет саласында 20 жыл еңбек еткен Ботагөз Ақмағамбетова. Облыстық филармонияның директоры «Құрмет» орденін иеленді.

Ботагөз Ақмағамбетова – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры:

– Бүкіл әлемде орын алған пандемия уақытында біз жай отырмадық. Мысалы, біз үйлері карантинге жабылған жандардың аулаларына барып концерт қойдық. Сонымен қатар, инфекциялық ауруханаларға да барып осындай іс-шаралар өткіздік. Әріптестермен бірге тұрғындар үшін маска да тіктік.

Жалпы, шара барысында 20-дан астам жерлесімізге түрлі дәрежедегі орден, медаль табысталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасы берілді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан