Білім

Елена Анцибор әскери саланың үздік оқытушысы атанды

Сабақ барысында қолданатын әдіс-тәсілін ұсынып, жүзден жүйрік атанды. Петропавлдағы Әскери институттың оқытушысы Елена Анцибор “Үздік оқытушы – 2020” республикалық байқауына қатысты. Ағылшын тілінің мұғалімі 100 ұстаздың арасынан бірінші орынды жеңіп алды.

Елена Анцибор жергілікті әскери институтта ұстаздық қызмет атқарады. Мұнда 23 жылдық еңбек өтілі бар маман курсанттарға ағылшын тілінен сабақ береді. Жерлесіміз ағымдағы жылдың қазан айында “Үздік оқытушы – 2020” республикалық байқауы жайлы естіп, қатысуды жөн көрген. Ол талап бойынша өзінің жетістіктері мен сабақ беру кезінде қолданатын әдіс-тәсілдерін ұйымдастырушыларға жолдапты. Көп ұзамай нәтиже келген. Қазылар алқасының шешімі бойынша ұстаз бірінші орынға лайықты деп танылыпты.

Елена Анцибор – ҚР ҰҰ Әскери институтының ағылшын тілі мұғалімі:

– Бұл күтпеген жаңалық болды. 100 қатысушының ішінен үздік атану – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, мұндай нәтижеге жетуіме курсанттардың да қосқан үлесі аз емес. Себебі, олар әр сабағыма белсенді қатысып, маған қолдау білдіріп отырады.

Ағылшын тілі мұғалімі жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол әр сабағына тиянақты дайындалып, курсанттарға сапалы білім беруге тырысады екен.

Елена Анцибор – ҚР ҰҰ Әскери институтының ағылшын тілі мұғалімі:

– Бізде қатаң тәртіпке, жауапкершілікке жіті назар аударылады. Яғни, тиісті талаптарды сақтап курсанттарға білім береміз. Институтта ұстаздық қызмет еткендіктен өзіміз де әскери өмірге үйреніп қалдық.

Байқау жайлы тағы да баяндай кетейік. Елена Анциборға “Жылдың үздік оқытушысы” номинациясы бойынша диплом мен төсбелгі табыс етілді. Сондай-ақ, нәзікжандының өмірбаяны елдің үздік мұғалімдері жайлы жарық көретін кітапқа енгізілетін болды.

Казиканова Алтынай