Бизнес және экономика

Болашағы зор кәсіпорындар

Петропавлда жасалатын термос-вагондардың саны 300-ден 1400-ге дейін көбейеді. “Cool Infinity” серіктестігі  келесі жылы өндіріс қуаттылығын арттырмақ. Ал “ЗИКСТО” зауыты  2021-де  80 футтық платформа құрастыруды межелеп отыр.

“Cool Infinity” серіктестігі – Қазақстандағы вагон жасайтын үш компанияның бірі. Кәсіпорын осыдан 2 жыл бұрын пайда болды. Алғашқы кезеңде қаламыздағы “Петропавл ауыр машина жасау” зауытымен бірлесіп жұмыс істеді. Ал үстіміздегі жылы жеке өндірісті қолға алды. Қазіргі таңда өндіріс ошағының мамандары изотермиялық термос-вагондар әзірлейді. Мұндай жаңашылдықтың өзіндік ерекшелігі бар. Олармен тез бүлінетін азық-түлік пен тауарларды алыс қашықтыққа тасымалдауға болады. Серіктестік өкілдерінің сөзінше, вагон ішіндегі дүние 10 күнге дейін сапасын жоғалтпайды. Сондықтан, оған сұраныс жоғары. Бүгінде жергілікті өнім ТМД елдеріне экспортталып жатыр екен.

Ахан Кәрімов – “Cool Infinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

– Ағымдағы жылдың тамыз айында біз термос-вагондарды жасау құқығын иеленіп, тиісті сертификат алдық. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құрамақ. Ал келесі жылы бұл сома 6-7 млрд теңге шамасында болмақ. 2021-де ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Іске 13 млрд теңге бағытталуы тиіс. Жоспардағы шаруа тындырылса, жылына 1200-1400 вагон жасайтын боламыз. Екі қолға бір күрекпен қамтылған мамандардың саны да 500-ге артпақ.

“ЗИКСТО” зауыты бір жарым жыл тұралап тұрды. Ал бүгінде кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгіріп, шаруа қыза түскен. Қазіргі таңда мұнда екі цех жұмыс істеп тұр. Біреуінде вагон платформасы жиналса, екіншісінде вагон дөңгелектері жөнделеді.

Екінші цехта мамандар айына вагон дөңгелектерінің 600-ден астам жұбын әзірлейді екен. Бүгінде бұл жерде 40 адам тер төгіп жатыр. Олар екі ауысым бойынша еңбек етеді. Алдағы уақытта кәсіпорын қызметкерлердің санын арттыруды жоспарлап отыр. Себебі, келер жылы “ЗИКСТО” зауыты теңіз контейнерлерін тасымалдау үшін 80 футтық платформа шығаруды қолға алмақ.

Евгений Щенников – «ЗИКСТО» АҚ учаске бастығы:

 – Жуырда бір ірі кәсіпорынмен келісім-шарт жасастық. Осы келісім аясында серіктестерімізге теңіз контейнерлерін тасымалдау үшін 2 мың 80 футтық платформа құрастыратын боламыз. Іске келесі жылы кіріспекпіз. Жаңа өндірістің арқасында жаңа жұмы орындары құрылады. Зауытқа білікті мамандарды шақырамыз.

Осы орайда айта кетейік, зауытқа негізінен дәнекерлеушілер мен темір ұсталары қажет. Олардың орташа жалақысы 130-140 мың теңгені құрайды.

 

 

 

Ешкенова Дана