Білім

Жергілікті университетте қысқы сессия басталады

Желтоқсан айының 14-і күні Қозыбаев университетінде қысқы сессия басталады. Биыл білім алушылардың басым бөлігі емтихандарды онлайн форматта тапсырмақ. Ауылдық жастардың бұған мүмкіндігі болмаса жатақханаға орналасып, осында сынақ тапсыруларына жағдай жасалып отыр.

Көзді ашып-жұмғанша желтоқсанның ортасына да жетіп қалдық. Ал бұл уақытта жоғары оқу орындарында білім алатын жандар қысқы сессия тапсыратыны белгілі. Жергілікті университеттің кестесі мынадай: айдың 14-і мен 30-ы аралығында студенттер мен докторанттар және 2-ші курс магистранттары онлайн форматта сынақтан өтеді. 28-ші күні 1-ші курс магистранттарынан емтихан алына бастайды. Экзамендер қаңтардың 16-сына дейін жалғаспақ. Өзімізге жақсы мәлім, қазір білім алушылар жер-жерде. Олардың барлығында бірдей сессия тапсыру мүмкіндігі болмауы мүмкін. Мысалы, интернет нашар, техникалық құралдардың жоқтығы дегендей. Сондықтан, басшылық ауылдықтар үшін жатақхана дайындап қойыпты. Сонымен қатар, мектептермен келіссөздер жүргізілген.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University оқу ісі жөніндегі проректоры:

 – Студенттерде қандай да бір техникалық құралдар болмайтын болса немесе байланыс нашар болып жатқан жағдайда ауылдарындағы мектепке барып тапсыруына болады. Бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысымен де сөйлестік. Ауылдардағы мектеп директорларынан рұқсат алдық.

Бірақ, білім алушылардың барлығы бірдей қысқы сессияны қашықтықтан тапсырмайды. Жалпы медицина мамандығында оқитын жандар үшін қорытынды емтихандар дәстүрлі форматта өтпек.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University Оқу ісі жөніндегі проректоры:

– Биылғы жылы емтихандардың барлығы қашықтықтан ұйымдастырылған, тек жалпы медицина интерндары дәстүрлі форматта тапсыра алады. Олар дәстүрлі түрде клиникаларға барып тапсырады. Жаратылыстану бағытындағы магистрант студенттер де зертханалық жұмыстардағы емтихандарын дәстүрлі форматта тапсырады.

Жалпы, бүгінгі күні Қозыбаев университетінде 7 жарым мың адам оқып жатыр. Олардың барлығы қысқы сессия тапсырады. Білім ордасының басшылығы емтихан кезінде ереже бұзушылық анықталса, шәкірт жазғы сессияға қалады дейді.

 

 

Алдияр Айтпаев