Мәдениет

«Туған жер» би ансамблі халықаралық байқауда үздік атанды

Жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті! 20 елдің бишілері бақ сынаған дүбірлі додада жергілікті “Туған жер” би ансамблі 1-ші орын иеленді. Халықаралық байқау Испания елінде онлайн форматта ұйымдастырылған болатын. 2 кезеңнен тұратын сайыста өнерпаз жерлестеріміз «Қазақ елі» биін билепті.

Ата-бабамыздың өткенінен сыр шертетін күйдің қаншалықты құдіретті екендігі айтпасақ та мәлім. Ал оны бимен жеткізу нағыз өнерпаздардың ғана қолынан келетіні рас. Мың бұралатын «Туған жер» би ансамблінің осы ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүргеніне 10 жыл толыпты.

Оксана Савосто – «Туған жер» би ансамблінің бишісі:

– Мен ұжымға құрылған жылдан бері мүшелік етудемін. Біз тек бір бағытты ұстанамыз. Ансамбльдің аты айтып тұрғандай өсіп-өнген жеріміздің ұлттық биін заманауи нақышқа салып билейміз.

Өнер десе ішер асын жерге қоюға әзір ансамбльдің осы күнге дейін жеткен жетістіктері көп. Кезекті марапатын жуырда Испания елінде онлайн ұйымдастырылған халықаралық байқауда жеңіп алған. 20 елдің бишілері бақ сынасқан дүбірлі додада жерлестеріміз «Қазақ елі» биін билепті.

Халықаралық сайыс желтоқсанның 6-сы мен 7-сі күндері аралығында ұйымдастырылған. Өнерпаздар екі кезеңнен өтіпті. Алғашқысы – іріктеу. Мұнда бишілер әзірлеген нөмірін видеоға түсіріп жіберген. Кейін үздіктердің ішінен үздігі ұпай санымен анықталған. Қос кезеңде де көпшіліктің көңілінен шыққан солтүстікқазақстандықтар 95 ұпаймен 1-ші орынды иеленді.

Виктор Романченко – «Туған жер» би ансамблінің бишісі:

– 1-ші орын алғанымызды желтоқсанның 9-ы күні білдік. Бұл жеңістің біз үшін алар оны бөлек. Өйткені, карантин басталғалы бері алғаш рет топ жарып отырмыз. 2 айлық тынымсыз еңбегіміз зая кетпей, жеңімпаз атанғанымызға шексіз қуаныштымыз.

«Туған жер» ансамбліне дипломнан жолданған. Сондай-ақ, испаниялық ұйымдастырушы тарапынан келешекте солар өткізетін сайыстарға қатысу мақсатымен елге келгенде 20%-дық жеңілдік жасалатын болады.

Максим Тонков – «Туған жер» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Шетелдік ұйым жататын орнымыз бен тамағымызды толық төлемесе де 20%-ын өтейтін болады. Бұл да үлкен жетістік деп ойлаймын. Коронавирус шегінсе сайыстар жиі ұйымдастырылып, бұл мүмкіндігімізді игілігімізге жаратамыз деген үміттеміз.

Жергілікті топ биылғы жылды осындай жеңіспен қорытындылап отыр. Ал келесі жылы карантин жеңілдесе, концерт ұйымдастырып, сүйікті көрермендерін жаңа туындыларымен қуантпақ ниетте.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай