Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары тұрғындарға жеке мәліметпен бөліспеу қажеттігін ескертеді

Пандемия, пандемиямен бірге интернет-алаяқтар да көбейген сияқты. Бір Петропавлдың өзінде жыл басынан бері 350-ге жуық факті тіркелген.

50-ден астамы ашылып, дәл қазір 60-тан астамы қарастырылып жатыр. Алаяқтар негізінен адамды интернет арқылы сауда жасау кезінде сан соқтырады. Жүзі көрінбейді, есімі белгісіз, жылы-жылы сөйлеп, алдап-арбап қаншама ақшаны қалтаға басады. Тауар да жоқ, ақшасы да қайтарылмаған азаматтар көмек іздеп тәртіп сақшыларына жүгінеді. Полицейлердің айтуынша алаяқтардың көбі төлемді алдын ала белгілі бір есепшотқа жартылай немесе толық өтеуді талап етеді екен. Мұндай жағдайлар жиі қолданатын “Колеса” және “ОЛХ” жарнамалық порталдарында да жиі кездесетін көрінеді. Қулардың құрығына ілікпес үшін тәртіп сақшылары жеке деректерді, банк карталарының реквизиттерін, құпия сөздерін ешкімге айтпау қажеттігін ескертеді.

Жандос Мұқатов – Петропавл қалалық ПБ бастығы:

– Бұл қылмыскерлер өздерінің бір күндік жалған ІР адрестерімен, бір күндік сим-картамен жұмыс істейді. Сондықтан, біз телефон арқылы, өзіміздің ақпараттық құрылғылармен қылмыскерді қолға түсіреміз. Алаяқтар бір күндік сим-картамен жұмыс істегесін бізге қылмыскерді құрықтау оңайға соқпайды. Олар Ресей, Өзбекстан, Украина сияқты басқа да елдерде отыруы мүмкін.

 

 

 

Казиканова Алтынай