Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста желтоқсанның 14-інен бастап карантин жұмсартылады

Солтүстікқазақстандықтар асыға күткен жаңалық. Желтоқсанның 14-інен бастап шектеу шаралары жұмсартылады. Бұл жайында бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы эпидахуал жайлы өткізген брифингіде баян етті. Демалыс күндері қоғамдық көліктің жұмысы жанданады. Қала маңындағы блокбекеттер алынып, кітапханалар, музейлер мен театрлар қайта ашылмақ.

Солтүстік Қазақстан облысында індеттің беті бері қарап келеді. Бұл коронавирустың екінші толқынына қатаң дайындық пен өңірде енгізілген шектеу шараларының нәтижесі дейді Құмар Ақсақалов. Соңғы мәлімет бойынша аймағымызда вирустан емделіп шыққандардың қатарына тағы 42 адам қосылды. Оң өзгерістерге байланысты облыстағы карантин де жұмсартылатын болды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 14 желтоқсан күні сағат 00:00-ден бастап біз облыс орталығындағы карантин режимін әлсіретеміз. Петропавл қаласының маңындағы бекеттер алынады. Облыс орталығында қоғамдық көлік демалыс күндері жұмыс істемек. Автостанциялар ашылып, облыс бойынша автобустар жүре бастайды. Кітапханалар, мұражайлар, театрлар, діни нысандар қайта ашылады.

Өңір тұрғындары асыға күткен жаңалық. Әсіресе жұмысбасты қауымның. Енді аумағы 500 шаршы метрден аспайтын сауда орталықтары мен дүкендер тек жексенбі күні ғана жұмысын тоқтатады. Яғни, солтүстікқазақстандықтар сенбі күні де сауда жасай алады. Нысандар сағат таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін ашық тұрады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік сатпайтын дүкендер 8-ден 22 сағатқа дейін ашық тұрады. Жабық базарлар таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді, жексенбіде жабық болады. Ашық базарлардың жұмысына шектеу қойылмайды.

Ал сұлулық салондары демалыс пен мереке күндері де жұмысын жалғастыра бермек. Дәсмханалар мен мейрамханалардың жұмысы сағат 22:00-ге дейін ұзартылды. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары жексенбі күні тек тамақ жеткізумен айналысатын болады. Айта кетейік, алда бірнеше мереке келе жатыр. Басты әрі ең маңыздысы – Тәуелсіздік күні. Осы орайда облыс әкімі індет тарап кетпесі үшін санитарлық ережелерді бұзбау қажеттігін ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көп шектеулер алынады, бірақ вируспен күрес тоқтамайды. Әр адамнан жауапкершілік күтеміз. Бәріміз жеке қауіпсіздік туралы ойлауымыз керек. Отбасының аман-саулығы бірінші орында тұруы тиіс. Мейрамдарды үйде, отбасымен бірге атап өтуге шақырамын.

Иә, 14-ші желтоқсаннан бастап біраз шектеулер алынады. Мәселен, фитнес және бассейндер, спорттық нысандар мен балаларға білім беру мекемелері де сенбі күнге дейін жұмыстарын ұзартты. Облыс әкімі алдағы уақытта бұдан да көп өзгерістер болатынын айтты. Әрине, егер тұрғындар оқшаулану ережелерін сақтайтын болса. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтар осы айтқандардың барлығын ескерсе және аймақта жұқтыру деңгейі төмендейтін болса жексенбілік шектеулер де алынып тасталады деді Құмар Ақсақалов.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан