МТРА жаңалықтары

Келесі аптада Петропавлда фанер комбинаты іске қосылады

Жаңа өндіріс орнының таспасы қиылады. Келесі аптада Петропавлда Солтүстік фанер комбинаты іске қосылады. Нәтижесінде 150 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын бастапқыда жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Кейін қуаттылық 27 мыңға дейін артпақ.

Бір кездері қала сыртындағы мына ғимаратта құбыр шығарылған екен. Алайда, біраз жыл өткесін өндіріс тоқтап, зауыт қараусыз қалған. Былтыр нысанның тамырына қайтадан қан жүгірді. Түрік инвесторлары мұнда күрделі жөндеу жүргізді. Және заманауи қондырғылармен жабдықтады. Енді бұл жерде ламинатталған фанер шығарылатын болады.

Огузхан Челик – “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директоры:

– Соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды шет елдерден тапсырыс беріп алғыздық. Станоктардың басым бөлігі Түркия, Германия мен Қиыр Шығыстан жеткізілді. Бүгінде барлық аппаратты орындарына қойып, тексерістен өткіздік. Сондай-ақ, өндірістің үздіксіз жүруі үшін жылу қазандығын да орнаттық. Жалпы, іске қосуға дайынбыз.

Түркиялық инвестор теріскей өңірін бекерден-бекер таңдамаған. Айтуынша, аққайыңдар өлкесінде қайың ағашы өте сапалы. Бұл – фанер жасау үшін таптырмайтын шикізат.

Огузхан Челик – “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директоры:

– Түркияда қайың өспейді. Ал солтүстікте бұл ағаш түрі жетерлік. Оны отын ретінде ғана қолданбай, дайын тауар шығару ісінде де пайдалану қажет. Оған қоса, қайың құрылыс материалы ретінде өте құнды саналады. Жергілікті әкімдік біздің тың жобамызды қолдап отыр.

“Солтүстік фанер комбинаты” жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Ал болашақта қуаттылық көрсеткішін 27 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Ол үшін кәсіпорынға жылына 36 мың текше метр қайың қажет болмақ.

Біздің елімізде ламинатталған фанер шығарумен әзірге бір ғана зауыт айналысады екен. Ол Қазақстандағы сұраныстың тек 10 пайызын жабады. Құрылыс компанияларының басым бөлігі материалды шет елдерден әкеледі. Ал Солтүстік фанер комбинаты іске қосылғаннан кейін кәсіпорын елдегі сұраныстың 30-40 пайызын қамтымақ. Сондай-ақ, кәсіпорын дайын өнімді Өзбекстан, Қырғызстан мен Еуропа елдеріне шағаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, өндіріс орны келесі аптада толық қуатта іске қосылмақ. Нәтижесінде 150 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмысқа орналасады.

Ешкенова Дана