МТРА жаңалықтары

Елмен бірге дамыған қос серіктестік

Елмен бірге дамыған қос серіктестік. Есіл ауданындағы 2 агроқұрылым  Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары жұмысын бастап, ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде мұнда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр.

“Агро-Александровка” кәсіпорны жұмысын 92 жылы бастаған болатын. Алғашқыда бірнеше гектарға бидай егумен айналысқан шаруашылық уақыт өте жерін кеңейтеді. Тіпті, құс өсіруді де қолға алған екен. Бүгінде 8 мыңға жуық үйректері бар. Осылайша, ауылда жұмыссыз жүрген жандар да екі қолға бір күректі осыннан тапқан екен.

Сергей Шинкаренко – “Агро-Александровка” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Бастапқы кезеңде өте қиын болды. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін біраз тер төктік. Уақыт өте бәрі өзгерді. Мемлекет қолдау көрсетті. Елімізбен бірге ісіміз де дами түсті. Бүгінде егістік жеріміздің аумағы 3 мың гектарға дейін жетіп отыр.

28 жылдық тарихы бар серіктестікте 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Агроқұрылым басшылығы қарамағындағыларға осымен 13-ші жыл “13-ші жалақы” төлеп келеді. Яғни, ұлы мереке қарсаңында қызметкерлерге сыйақы табыс етпекші. Механизатор Виталий Гончаровтың сөзінше мұндай қолдау жұмысшылардың өз міндетін атқаруға деген жауапкершілігін арттырады екен.

Виталий Гончаров – “Агро-Александровка” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Осында механизатор болып еңбек етіп жүргеніме 10 жылдай уақыт өтті. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақы уақытылы беріледі. Әсіресе, көктемде егіс егу науқаны мен күзгі жиын-терім кезінде еңбекақымыз 2-3 есеге дейін көтеріледі. Оған қоса желтоқсанның 13-і күні 400 мыңдай сыйақы берілмекші.

Мұндай сыйақы “Кантемир-арго” серіктестігінің 40-тан астам жұмысшысына да табыс етіліпті.

Мұрат Сұрағанов – “Кантемир-Агро” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Бұл серіктестікте 19 жыл жұмыс істеп жатырмын. Бәрі жақсы. 450 мың теңге берді. Ауылда бұл үлкен ақша.

“Кантемир-Агро” серіктестігінің директоры Болат Әбілмәжінов биылғы күзгі жиын-терім науқанында мол олжаға қол жеткіздік дейді.
Сондай-ақ, биыл мемлекет қолдауының арқасында 12 млн теңгеге 2 техника сатып алыпты.

Болат Әбілмәжінов – “Кантемир-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Үкімет тарапынан көмек көрсетілуде. Жылда тұқымға, гербицитқа субсидия береді. Техника сатып алғанның өзінде қаражаттың 25%-ын қайтарып берді. Быилғы жылғы науқан ұзаққа созылды. Ауа райы қолайсыз болды. 6 мың гектардан 16 центнерден алдық.

Биылғы жыл “Кантемир-Агро” серіктестігі үшін ойдағыдай болды. Енді еңбеккерлер бірлесіп келесі жылы атқарылатын істердің тізімін құрмақ.

Маржан Касымбек