МТРА жаңалықтары

Бүгін облыстық мәслихаттың 50-ші сессиясы өтті

Бүгін облыстық мәслихаттың 50-ші сессиясы өтті. Жиында халық қалаулылары 2021-2023 жылдарға арналған өңір бюджетін бекітті.

Сессияда алдымен 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет қаралды. Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың айтуынша, алдағы жылы өңір бюджеті 247 млрд теңгені құрамақ. Сонымен қатар, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің бюджеті облыстыққа өтіп, білім басқармасының бақылауында болады.

Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру жүйесінің басқару жүйесінде өзгерістер орын алады. Мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш, орта, негізгі білім беру ұйымдарына 49 млрд теңге бөлінеді. Денсаулық сақтау саласына 2021 жылы 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Әлеуметтік салаға 2021 мен 2023 жылдары 3 млрд-тан астам қаржы бөлінбек. Ал спорт саласына 4 млрд бағытталады.

Сонымен қатар, сессия барысында Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы ветеринарлық қауіпсіздік жағдайы мен оны қамтамасыз ету туралы сөз болды. Бас ветеринардың айтуынша, биыл ірі қаралардың арасында бруцеллез ауруы азайған. Өткен жылы 1 млн-нан аса малға зерттеу жүргізіліпті. Биыл бұл сан 500 мың басқа көп.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Көрші Омбы облысында африкалық шошқа обасы тіркелді. Осыған орай аймағымызда аурудың алдын алу шаралары басталып кетті. Бүгінде өңірде 379 мал тұрағы бар. Осы жылы 3-уін салдық. 11-і қайта жөндеуден өткізілді. Аталған шаруаларға облыстық бюджеттен биыл 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл сома былтырғымен салыстырғанда 21 пайызға көп.

Жиында жолдарға қатысты да сөз қозғалды. Баяндама оқыған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асқар Қылышбеков.

Асқар Қылышбеков – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

 – Облысымызда 66 маршрут бар. 2021 жылы 11 әлеуметтік маңызы бар өңірлік маршруттарға 400 млн теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Ал 15 аудандық маршрутқа 17 млн тенге қарастырылған.

Сессия барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан жандар марапатталды. Айыртау ауданындағы “Фирма Бабық-Бұрлық” серіктестігінің директоры Сейілбек Махметовке «СҚО құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан