Экология

Петропавлда оқушылар экобокс жасайды

Қоқысты бөліп салуға арналған. Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары экобокс жасайды. 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер осындай істерімен өңір экологиясының жақсаруына септесіп жүр.

Қарапайым жәшік. Қолданыста болған. Бірақ, оны кәдеге жаратуға болады. Бастысы, сырты тұтас, іші таза. Картон қораптарды талапты оқушылар дүкен сатушыларынан сұрап алады екен. Кейбіреуі бірден ұсына қойса, кейбіреуі бас тартатын көрінеді. Тегі өздеріне қажет болар. Дегенмен де, қоқысқа лақтырылатын дүниені оған жеткізбей қағып алып, кәдеге жаратып жүрген жастардың ісіне сүйсінесің. Қағаз жәшікті қырқып, әдемілеп бояп, бұрышқа қояды. Сыныпқа әрі сән келтіреді, әрі пайдалы дүние.

Басқаша, айтқанда экобокс. Шағын келген жәшік тез толады. Жауқағаз, ескі дәптерлер, шимайланған парақтар. Толған қораптың ішіндегісі дәліздегі үлкен ортақ жәшікке тасталады. Ескірген қоқыс қорабы да осында лақтырылады екен. Ал жаңасын жастар әп-сәтте әзірлеп алады.

Аббас Дурсунов – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Қолымдағы мына қорапша қоқысты арнайы бөліп тастауға арналған. Біз мұнда қағазды-қағазға, ал пластикті пластикке саламыз. Оны орындау қиын емес. Тек жалқаулық кедергі келтірмесе болғаны. Бөліп-жарып жинаған қоқысты қайта өңдеу де жеңіл.

Қоқыс мәселесі бүгінде жер жаһанды жайлаған. Өзекті тақырып. Адамзат, оның ішінде ғалымдар күндегі тіршіліктен қалатын дүниені барынша қайта өңдеп, одан пайдалы дүние жасап шығарумен әлек. Бұл мәселесінің шешімі бізде шикілеу екені рас. Осы орайда №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің бастамасы – құптарлық іс. Небәрі 14 жастағы оқушы Аббас Дурсунов түйіні күрмеулі мәселені шешу үшін жеке басқа қатысты мәдениеттілікті қалыптастару қажет дейді.

Аббас Дурсунов – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Біз адамдардың орман мен өзен-көлдерге барып, өздерінен қалған қоқысты жинамайтынын білеміз. Бұл – табиғатқа немқұрайлы қараудың белгісі. Шындығына келгенде, мұның тек қоршаған ортаға емес, өзіне жасаған қиянат екенін кейбір жандар біле бермейді. Осы орайда тәртіпке келу мен жауапкершілік білдіруді өзінен бастаса екен деймін.

Қоқысты жекелей тастауға арналған экобокстар білім ошағының әр кабинетіне қос-қостан қойылған.

Данияр Дощанов – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің биология пәні мұғалімі:

– Мәселен, жасыл түстісіне – қағаз, сарысына пластик саламыз. Кейін, жиналған дүниені үлкен жәшікке аударып, қаладағы «Вторсырье» серіктестігіне тапсырамыз. 1 жылдың ішінде 1 тоннадан артық қоқыс өткіздік.

Кейін бұның бәрі қайта өңдеу үшін Алматыға жіберіледі. Ал одан бізге жаңа тұрмыстық зат ретінде қайта келеді. Жылына 1 тонна қағаз бір мектептен жиналып отыр. Егер қаладағы сансыз мекеменің күніне қанша қағаз бен пластик лақтыратынын ескерсек, табиғат аясына түсіп жатқан қоқысты оған дейін жеткізбей-ақ өңдеп алуға болар еді.

 

Казиканова Алтынай