МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

Өңірде жылына 1 млн 200 мың Вig bag қабы шығарылады

Өңірдегі іргелі кәсіпорын! Петропавлдағы “SMBGROUP Family” серіктестігі сыйымдылығы мол қап шығаруда. Компания жылына жұмсақ контейнерлердің 1 млн 200 мың данасын өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, өндіріс ошағы жуырда Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие Sling bag қаптарын жасай бастады. Ол 4 тоннадан аса өнімді сыйдыра алады.

Бұл цех елдегі қиыншылықтарға қарамастан үстіміздегі жылдың сәуір айында ашылды. Бүгінде өндіріс ошағында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда көпшілікке танылып үлгерген Вig bag қаптары шығарылады. Нақтырақ айтатын болсақ, сусымалы өнімдерді салуға арналған полипропилен қаптары жасалады. Аталған тауар түрі негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында кеңінен қолданылады. Жұмсақ контейнерлер тауар түрін сақтап қанай қоймай, тасымалдауға да болады. Оның сыйымдылығы 2 тоннаны құрайды.

Жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Қаз-қатар тізілген заманауи қондырғылар шаруаны оңай атқарады. Оларды іске қосып, бақылап тұрса болғаны. Цехтың ашылуына орай 180-ге жуық солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапты. Араларында тігіншілердің қатары басым.

Геннадий Шавшин – «SMBGROUP Family» ЖШС тігіншісі:

– Мен бұл цехта 2 ай еңбек етемін. Жұмыс барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Құрылғылар істі жеңілдетеді. Менің міндетім – үзіліп қалған, таусылған жіптерді ауыстыру. Әр станокта 1200 жіп тізбегі бар. Солардан қап жасалады.

Жаңа қондырғылардың арқасында цех бір айда Вig bag қаптарынның 100 мың данасын шығарады. Яғни, бұл – өңірде жылына 1 млн 200 мың жұмсақ контейнер өндіріледі деген сөз. Шикізат ресейлік. Компания өндіріске қажет дүниелерді көрші елден әкеледі екен. Алдағы уақытта өзімізде шығару жоспарланып отыр. Ол үшін заманауи құрылғыларға тапсырыс беріліпті. Кәсіпорын бұнымен тоқтап қалмақ емес. Жуырда цехта Sling bag қаптары да шығарыла бастады.

Димаш Коржов – «SMBGROUP Family» ЖШС коммерциялық директоры:

– Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғандықтан жуырда Sling bag қаптарын шығара бастадық. Ол 4 тоннадан аса өнімді сыйдыра алады. Біздің елімізде бұндай тауардың баламасы жоқ. Қапты ауыл шаруашылығынан бөлек, тау-кен өндірісінде де қолдануға болады. Сол себепті, оны отандық комбинаттарға саудалап жатырмыз. Сондай-ақ, Ресейде де серіктестеріміз бар. Жақын арада көрші елдегі ірі компаниялардың бірімен келісім шарт жасасамыз.

Айта кетейік, «SMBGROUP Family» серіктестігі алдағы жылдың бірінші тоқсанында үлкен цех салуды жоспарлап отыр. Онда крафт-қаптар шығарылатын болады.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана