Денсаулық сақтау

Өңірде онкологиялық ауруларды анықтайтын жаңа құрал пайда болды

Жақында облыстық онкология орталығында жаңа заманауи құрал пайда болды. Дерматоскоп деп аталатын аспаптың көмегімен қатерлі ісікті ерте сатысында анықтауға болады. Тың дүние тері обырымен күресуде маңызды рөл атқармақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес обыр ауруына жыл сайын 9 млн адам шалдығады. Қазақстандағы жағдай да көңіл көншітпейді. Елімізде жыл сайын 35 мыңға жуық адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Мамандар онкологиялық аурулардың пайда болуын экологияның нашарлығымен және зиянды әдеттермен байланыстыруда. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы – жалпы қатерлі ісік бойынша ел көлемінде бірінші орында.

Жігер Дүйсенов – облыстық онкологиялық орталығы онкоблогының жетекшісі:

– Биыл 500-ден астам жерлесіміз қатерлі ісіктің құрбаны болды. Осы жылы мың жарым адамнан онкологиялық ауру анықталды. Былтыр бұл сан 1800 шамасында болды. Өңірде бұл дертке шалдығу сәл де болсын азайса да Солтүстік Қазақстан облысы науқастар саны бойынша елімізде 1-ші орында тұр.

Өңірде онкологиялық аурулардың ішінде ең жиі кездесетіні – сүт безі ісігі. Ауру неғұрлым ерте анықталса, одан құлан-таза айығу мүмкіндігі де арта түседі. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар ауруды әбден асқындырып, 3-ші, 4-ші сатыға жеткенде ғана ем іздейді. Бұл ретте дертпен күресу қиынға соғады. Сондықтан, денсаулықты басты назарға алып, скринингтік бақылаудан уақытылы өту қажет дейді мамандар.

Жігер Дүйсенов – облыстық онкологиялық орталығы онкоблогының жетекшісі:

– 2008 жылдан бастап облыс бойынша скринингтік бақылаудан өту тегін. Әр адам кем дегенде жылына бір рет медициналық тексерістен өтуі тиіс. Жалпы, біздің орталық қажетті технологиялармен жабдықталған. Мәселен, ауруханада заманауи компьютерлік томограф мен сәулелік апараттар бар.

Жақында мекеменің материалдық-техникалық базасы тағы бір құрылғымен толықты. Дерматоскоп деп аталатын құрал өңірімізде алғаш рет пайда болып отыр. Оның көмегімен тері обырын анықтауға болады. Дерматоскопия әдісі операциясыз емдеуге септеседі.

Майя Тоқсанова – облыстық онкологиялық орталығының онколог-дәрігері:

– Бұл құрылғы бізде небәрі 3 ай бұрын пайда болды. Тың дүние кішкентай болғанымен өзінің міндетін жақсы атқарады. Лупаға ұқсас заманауи аспаптың көмегімен эпидермистің түсі мен құрылымын анық көруге мүмкіндік бар. Дерматоскоптың көмегімен онкологиялықтан бөлек, дерматологиялық ауруларды да анықтауға болады. Бүгінде осы зерттеу әдісі арқылы 50-ге жуық адам тексерістен өтті.

Жалпы, бүгінде қатерлі ісікке шалдыққан 9 мыңға жуық солтүстікқазақстандық диспанерлік есепке қойылған.

 

 

 

Бисенова Жанна