Құқық қорғау органдарыЕрiктiлер

Өңірде биыл жоғалып кеткен 90 адамның 67-сі табылды

Жергілікті волонтерлер тәртіп сақшыларымен бірге жоғалған адамдарды іздейді. Белсенді жастар биыл ізім-қайым кеткен 90 солтүстікқазақстандықтың 67-сін тауып алыпты. Іздестіру шаралары әлі де жалғасуда. Қазіргі күні тамыздың 28-і күні үйінен шығып, қайта оралмаған 80 жастағы зейнеткер іздестіріліп жатыр.

Үйден шығып кетіп, қайта оралмады. Мұндай хабарландыруды көшеде немесе интернетте жиі көреміз. Жоғалған жандарды іздестіруде полицейлерден бөлек волонтерлердің де қосатын үлесі зор. Бірлесіп атқарылатын шаруаның нәтижесінде із-түссіз кеткендердің 95 пайызы аман-есен үйлеріне жетіп жатады. Евгений Соловьёв – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша іздеу жасағының жетекшісі. Құрамға өңірдегі 250-ден аса ерікті кіреді, ал қаладағы волонтерлердің саны 180-ді құрайды.

Евгений Соловьёв – волонтер:

– Бүгінге дейін біздің топ жоғалған 183 солтүстікқазақстандықтың 175-ін тауып алды. Жұмысты тәртіп сақшыларымен бірге жүргіземіз. Мысалы, ерікті жастар көшеге шығып, хабарландыру қағаздарын таратады. Тұрғындармен кездесіп, ақпарат жинайды. Бір сөзбен айтсақ, жоғалған кісіні тапқанша жұмыс жасай береді.

Кей кездері іздестіру шарасы ұзаққа созылады екен. Мәселен, биыл тамыздың 28-і күні үйінен шығып кеткен Надежда Агафонова есімді петропавлдық әлі күнге дейін табылмады. Сексеннен асқан нәзікжанды «Жигули» саяжай қоғамында орналасқан жазғы үйіне барған көрінеді. Содан бері оны ешкім көрмеген. Полицейлер зейнеткердің есте сақтау қабілеті нашар екенін айтып отыр.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Ол кісінің дене бітімі арықша келген, бойы шамамен 160-165 см, шашы ақшыл қысқа, көзі көк. Үстінде қара шалбар, ұзын күрең қызыл күрте, аяғында қоңыр етік пен басында көк орамал болған. Егер осындай белгілері бар адамды көрсеңіздер 102 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 90 адам жоғалып кеткен. Олардың 67-сі табылыпты, ал қалған 23-і әлі іздестіріліп жатыр.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан