Құқық қорғау органдары

“Динамо” қоғамының құрылғанына – 95 жыл

Ондаған жылдар бойы полиция қызметкерлерін физикалық тұрғыда дайындаған жандардың төл мерекесі. Биыл “Динамо” дене шынықтыру-спорттық қоғамының құрылғанына 95 жыл толды. Мұнда өңірдің құқық қорғау саласында еңбектенетін 3 мыңнан аса маман жаттығады. Олардың тек жартысы – тәртіп сақшылары.

Мықты, батыл, жүйрік әрі жылдам. Бұл – құқық қорғау саласында еңбектенетін әрбір жанға қойылатын басты талаптардың бірі. Спортпен шұғылданып, дене бітімін қалыпты ұстау үшін өңір тәртіп сақшылары үшін “Динамо” қоғамы жұмыс істеуде. Мұнда полиция қызметкерлері түрлі секцияларға қатысып, дене шынықтырумен айналысады.

Марат Тулебаев – СҚО ПД бастығы:

– Полицейдің қызметі мен спорт – қатар жүретін ұғымдар. Себебі, тек физикалық тұрғыда жақсы дайындалған, рухы мықты тәртіп сақшысы ғана өз алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара алады.

“Динамо” қоғамының солтүстікқазақстандық филиалында 28 дене шынықтыру ұжымы бар. Оған құқық қорғау саласының 3 мыңнан аса маманы қатысады. Тең жартысы – тәртіп сақшылары. Спорт пен қызметін қатар алып жүретін жандарды атаулы күнмен жеңіл атлетика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Михаил Литвин құттықтады.

Михаил Литвин – жеңіл атлетика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Сіздердің қызметіңіз барша халық үшін өте маңызды. Еліміз бен халқымыз үшін еңбектеніп жүргендеріңізге алғыс білдіремін. Сондай-ақ, баршаңызды «Динамо» дене шынықтыру-спорттық қоғамының 95 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді.

Шараға “Динамо” қоғамында түрлі жылдары еңбектенген спортшылар мен инструкторлар шақырылды. Олар ондаған жылдар бойы тәртіп сақшыларын самбо және қоян-қолтық ұрыстан жаттықтырған болатын. Бапкерлердің барлығы “Динамо”-ның 95 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды.

 

 

 

Эльмира Садвокасова