Құқық қорғау органдары

Жоғалған көлік Шал ақын ауданынан табылды

Петропавлда жоғалған көлік  Шал ақын ауданынан шықты. Жуырда қала тұрғыны полицейлерге ВАЗ маркалы автомобилінің жоғалғаны жайлы хабар берген. Тәртіп сақшылары ұрланған темір тұлпарды бір күннің ішінде “Жезқазған-Петропавл” трассасынан тапқан.

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні петропавлдық полицейлерге қызыл түсті “ВАЗ-2115” маркалы көліктің жоғалғандығы жайлы хабар түседі. Машина соңғы рет Володарский көшесінің бойындағы аулалардың бірінде тұрыпты. Сөйтіп, жедел ақпар жан-жаққа тарайды. Нәтижесінде таңғы 8 жарымдар шамасында темір тұлпар табылады. Мүлік Сергеевка қаласының маңындағы “Жезқазған-Петропавл” трассасынан бірақ шығады. Сонда шаһар сыртындағы бекеттен қалай өткен? Бұл дерек қазір анықталып жатыр.

Манарбек Молдабеков – СҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

 – Оқиға орнына Шал ақын ауданы полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды. Жүргізуші мен автокөлік аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Жүргізуші – 22 жастағы петропавлдық. Сөзінше, темір тұлпармен жұмысқа бара жатқан. Көлікті де 1 айдан бері тізгіндеп жүр екен. Күрмеуі күрделі мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ. Қазір бұл фактіге қатысты ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

 

 

 

 

Бисенова Жанна