Ерiктiлер

Волонтёрлер блокбекеттерде жадынама таратып жүр

Коронавируспен күресте түсіндіру жұмыстарының да пайдасы бар. Көп білген соғұрлым сақ жүреді. Волонтерлер блокбекеттерде кеңес жазылған парақ таратуда. Олар күніне – 400-ге жуық, ал соңғы айда 10 мыңға жақын жадынама үлестірген.

Бұл – қаладан Омбыға қарай шығаберістегі айналмалы жол. Дәл осы жерден күніне 400-ге жуық көлік өтеді. Көбісі – Пеньково және Белое ауылдарының тұрғындары. Блокбекетте тәулік бойы қызмет етіп тұрған тәртіп сақшылары мен медициналық қызметкерлер адамдардың дене қызуы мен анықтамаларын тексеуде.

Блокбекетте еріктілерді де кездестіруге болады. Белсенді жастар жүргізушілер мен жолаушыларға коронавирустан қорғану жайында жазылған жадынама таратып жүр. Солардың бірі – Әмір Мағау. 23 жастағы жігіт былтырдан бері волотерлік іске ат салысуда. Бүгінге дейін біраз мұқтаж жанға қолдау көрсеткен, қолғабыс еткен.

Әмір Мағау – волонтер:

– Волонтерлік іс жаныма жақын. Жұмыс бағытымыз сан алуан. Бұған дейін аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттарға көмектессек, бүгін түсіндіру шарасын өткізіп жатырмыз. Қауіпсіздік қағидаларын қайта-қайта айтып отырмаса, кейін мүлдем ұмыт қалуы мүмкін.

Волонтерлердің айтуынша өңір тұрғындары мұндай шараға түсіністікпен қарайды. Беттерінде – маска, қолдарында анықтама қағаздары бар. Қазіргі ахуалға байланысты қатаң тәртіпті ұстану үйреншікті жағдайға айналғандай.

– Блокбекетті жұмыс бабымен өтіп тұрамыз. Ешқандай қиындықтар жоқ, бастысы температура болмаса болды.

– Блокбекеттен өтер кезде үнемі анықтаманы сұратады. Жадынама қағаздарын таратады. Бұған түсіністікпен қараймыз. Себебі, бұл – орындалуы қажет талаптардың бірі.

Қаланы айнала 5 блокбекет орнатылса, волонтерлер 5-уінде де ерінбей еңбек етіп жүр. Күніне – 400-дей, айына 10 мыңға жуық жадынама таратқан. Әр нысанда – 2 еріктіден, ал жалпы қала бойынша түсіндіру шарасына 30-дан астам жас тартылған.

Ешкенова Дана