Қоғам

“СҚО-ның спорттық жетістіктері” атты онлайн көрме өтті

Тәуелсіздік тартулары. Егемендігімізді алғаннан кейін сан сала қалай дамыды? Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, білім. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Солтүстік Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында” атты онлайн-экскурсия бастау алды. Сондай-ақ, музейде өңірдің спорт саңлақтары туралы көрме қанат жайды.

Бүгінгі онлайн-көрменің тақырыбы “Солтүстік Қазақстан облысының спорттық жетістіктері” деп аталады. Яғни, мұнда өңірімізден шыққан белгілі тұлғалар жайлы сөз қозғалмақ. Солардың бірі – әйгілі велошабандоз Александр Винокуров. Ол қос дөңгелекті көлік құралын алғаш рет 11 жасында тізгіндеген екен. Ең жоғарғы жетістігі – Лондон Олимпиадасының чемпионы атану.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– 2006 жылы Испанияда өткен Вуэльта жеңімпазы. 2012 жылғы Лондонда өткен 30-шы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы. Сонымен қатар, Сидней Олимпиадасының вице-чемпионы атанды.

Онлайн-көрмеде экс-кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов жайлы да айтылды. Қазіргі таңда қаламыздағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде атақты былғары қолғап шеберінің белбеуі тұр. Оны шаршы алаң шебері Супер Дүниежүзілік және халықаралық бокс ұйымының нұсқалары бойынша өткен чемпионатта жеңіп алыпты. Жәдігер мұражайға 2016 жылы табыс етілген.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Жанат Жақиянов – Еуропалық бокс одағының нұсқасы бойынша бокс чемпионы. Супер Дүниежүзілік бокс ұйымының және халықаралық бокс ұйымының нұсқалары бойынша әлемнің экс-чемпионы атанған болатын. Кездесулерінің саны – 26, соның 25-нде жеңіске жеткен.

Музейдің “Солтүстік Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында” деп аталатын залында паралимпиадашыларға да ерекше назар аударылған. Мұнда белгілі спортшылар жайлы мәліметтер бар. Мәселен, тұрғындар шаңғышы Қайрат Қанафин туралы кеңірек біле алады.

Айсұлу Сарсенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:

– Қайрат Қанафин – шаңғы жарысы бойынша спорт шебері, ел чемпионаттарының жеңімпазы. Ол 2018 жылғы Паралимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің туын көтеріп жүрді. Спортпен 2001 жылдан бастап айналысып келеді. 2008 жылы шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионы атағын алды.

Облыстық музейде қазір өткізіліп жатқан онлайн-көрмелердің барлығы Тәуелсіздік күніне арналған. Алдағы уақытта мамандар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен танымал жазушылардың құрметіне орай іс-шаралар легін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

 

Казиканова Алтынай