Құқық қорғау органдары

Облыста интернет-алаяқтық фактілері жиілеген

Облыс аумағында интернет арқылы алаяқтық жасау жиілеген. Биыл мұндай қитұрқы іс-әрекеттердің саны былтырғымен салыстырғанда 60 пайызға өсіп отыр, яғни 400-ге жуық факті тіркелген және оның әр 5-шісінің ғана беті ашылады екен.

Саид – кибералаяқтардың қақпанына түскен петропавлдықтардың бірі. Осыдан 1 ай бұрын бәзбіреулер оның атына несие алыпты. Мәселе бәріміз қолданып жүрген белгілі сауда сайтынан басталған екен.

Саид – қала тұрғыны:

– Мен автөбөлшектерді ОЛХ сайтына саудаға қойған едім. Кейін бір кісі қоңырау шалып, сатып алатын болып келісті. Ақшаны алдын ала төлеу үшін менің жеке құжатымның суреті мен картамның нөмірін сұрап алды. Сондай-ақ, маған сенімді болу үшін суретімді жіберуді сұрады. Мен өтінішін орындадым. содан кейін ол маған 60 мың теңге аударып, біраз уақыттан кейін ақшаны қайтаруымды өтінді. Ешқандай алаяқтық әрекет байқалмаған соң мен қаржысын қайтарып бердім.

Иә, ойлап қарасақ бұл жерде ешқандай алдау немесе басқа да арам ой жоқ сияқты. Саид картасының нөмірін жібергенімен, оның артқы жағындағы маңызды сандарды айтпадым дейді. Бірақ, алаяқтар оның құжаты мен суретін пайдалана отырып, микрокредиттік ұйымнан онлайн түрде 60 мың теңге несие рәсімдеп алған екен. Сан соғып қалғанын қала тұрғыны банк қызметкерлерінің қоңырауынан соң ғана түсінеді.

Саид – қала тұрғыны:

– Микрокредиттік ұйымның филиалы Петропавлда бар екен. Мен оларға полицейлермен бірге барып, алданып қалғанымды айттым. Осылайша несие рәсімделген күндегі операцияларды тексеруді өтіндім. Бірақ, ұйым қызметкерлері сұрағыма жөнді жауап қайтармады, тіпті бізге дөрекі сөйлеп, көмек беруден бас тартқылары келді.

Осыдан соң Саид құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазады. Қазіргі күні бұл фактіге қатысты тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Цифрландыру саласы дамыған сайын кибералаяқтардың да әдістері түрленуде. Төлем картасының артқы жағындағы сандарды ешкімге көрсетуге болмайтынын білетін шығарсыздар. Енді баукеспелер мынадай тәсілге көшіпті. Ақша жіберемін деп картаңыздың нөмірін сұрап алған соң пысықайлар оның құпиякодын өзгертпекші болады. Сол уақытта сіздің телефоныңызға мынандай смс-хабарлама келеді. Кейібір тұрғындар оны алаяқтарға айтып қойып жатады екен. Осылайша өз ақшаларынан айырылып қалады.

Сауда орындарында POS-терминалдар орнатылып, онлайн төлем жасау да кеңінен таралуда. Осыған байланысты интернет арқылы жасалатын қылмыс саны да былтырғыға қарағанда 60 пайызға өскен. Тағы бір айта кететін жайт, мұндай істердің ашылуы ұзақ уақытты қажет етеді және кінәлі тұлға тіпті кейде табылмайды. Себебі, алаяқтар шет мемлекеттерде отырып, арам ойларын жүзеге асыра береді.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Адамдардың телефондарына ұтыс жөніндегі фейк ақпарат келеді. Телефон, тұрмыстық техника сыйлаймыз дейді. Сол үшін анкета толтыру қажет болады. Кейін тұрғындар өзі туралы ақпаратты толтырып, алаяқтардың қармағына ілініп қалады.

Әңгіменің тоқетерін айтсақ. Төлем картасын қолданған дұрыс. Өйткені, цифрлық технологиялардың адамға пайдасы мол. Әсіресе, пандемия уақытында. Қалтаға ақша салып жүрмейсіз, сәйкесінше қауіпті індетті жұқтыру қаупі азаяды. Тағы бір тиімді тұсы – онлайн сауда арқылы үйде отырып-ақ кез келген затқа қол жеткізу. Бірақ, бұл тұста абай болыңыз. Смартфонға «Сіз жүлде ұтып алдыңыз, сыйлықты алып кеткіңіз келсе анкета толтырыңыз» деп жолданған жалған ақпараттарға сенбеу керек. Сондай-ақ, танымайтын адамдармен саудаға жасағанда алдын ала ақша аудармау қажет.

 

 

 

Бердимурат Баймухан