МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

МӘМС аясында 26 солтүстікқазақстандыққа қымбат операция жасалды

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аясында 26 жерлесімізге қымбат операция жасалған. Оған облыстық қор есебінен 70 млн теңге бағытталыпты. Жалпы, бүгінде облыс халқының 80%-ы сақтандырылған екен.

Галина Скоробродова Қызылжар ауданындағы Пеньково селосында тұрады. Зейнет жасына таяған нәзікжанды остеохондроз дертіне шалдыққан. Сырқатын жеңілдету үшін азаматша қаладағы жекеменшік клиникалардың біріне келіп тұрады. Галина Николаевна жеке тұлға ретінде медициналық сақтандыру қорына ай сайын 2125 теңге төлеп тұрғандықтан емханада алатын қызметке қосымша ақша жұмсамайды.

Галина Скоробродова – Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Медициналық сақтандыру жайлы клиникадан білдім. Мен мұнда МРТ жасаймын. Дәрі тамызу мен массаж сынды процедураларды да аламын. Бұның бәрі 50 мың теңгенің шамасында тұрады. Емді жылына 2 рет қайталап отыру қажет. Тиімділігі сол, 100 мың теңгенің еміне жылына қорға 25 мың теңге ғана төлеймін.

Еске сала кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жылдың басында іске қосылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін қызметтер аясында емханалық-амбулаторлық және стационарлық көмек тегін ұсынылады. Жалпы, облыс бойынша 40 аурухана сақтандыру қорымен бірлесе жұмыс істейді. Оның 15-і – жекеменшік клиника.

Жанұзақ Базарбеков – жекеменшік клиниканың директоры:

– Біз сақтандыру қорымен жұмыс істегеннен бастап қаражат жағы жақсарды. Ол ақша айлыққа, дәрі-дәрмекке жұмсалады. Тағы салық пен коммуналдық қызметтерді төлеу жағынан да тиімді. Қаржыландыру тұрақты болғасын жақсы мамандарды ғана алуға тырысамыз.

Жаңашылдық аясында жекеменшік клиникаға дәрігерден берілетін жолдамасыз да келуге болады. Бүгінде облыс халқының 80%-ы медициналық тұрғыда сақтандырылған. Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Өңір бойынша олардың саны 280 мыңнан асады.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлім жетекшісі:

– Жұмыс істейтін азаматтардың бәрі сақтандырылған болып есептеледі. Өйткені, олар үшін жұмыс беруші өз есебінен 2%-дық аударымдар жасайды. Сонымен қатар, жұмыскердің жалақысынан 1% жарналар ұсталынады. Мәртебені алу үшін тағы бірнеше жарналардың түрі бар. Мысалы, жеке кәсіпкерлер айына 2975 теңге төлейді. Ал дербес төлеуші ретінде 2125 теңге төлеу керек.

Айта кетейік, мәртебені анықтау үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтына немесе егов порталына кіру қажет. Жалпы, жыл басынан бері қор аясында 26 солтүстікқазақстандыққа қымбат операция жасалған. Оған облыстық қор есебінен 70 млн теңге бағытталған.

Бисенова Жанна