COVID-19: Қазақстан

Өңірде коронавирус инфекциясына тағы 70 адам шалдықты

Өңірде коронавирус инфекциясына тағы 70 адам шалдықты. Оның жартысынан астамында ауру белгілері анық байқалады.

Статистика біртіндеп төмендеуде. Десе де облыс әлі де – қызыл аймақта. Бұл туралы елордада өткен брифингіде еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтты. Тағы шара барысында сынамадан өтіп жатқан қазақстандық вакцина туралы сөз қозғалды.

Бүгінге дейін коронавирус инфекциясын ел бойынша 138 мыңнан аса адам жұқтырған. Тағы 43 мың 300 қазақстандық ковид-19 белгілері бар пневмонияға шалдыққан. Республикалық көрсеткіш өткен 2 аптамен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Бірақ, әрбір облысты жеке алғанда жағдай түзеліп келеді. Яғни, бірқатар өңірдегі ахуал тұрақталып, олар қызыл аймақтан шықты.

Ерлан Қиясов – ҚР бас санитарлық дәрігері:

– Қазақстан қазір «жасыл аймақта» немесе коронавирус инфекциясы бойынша қаупі төмен аймаққа ауысты. Жоғары қауіпті аймақта немесе қызыл аймақта 2 өңір қалады: Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысы.

СҚО – әлі де қызыл аймақта. Десе де, статистиканың төмендеуі байқалуда. Соңғы тәулікте өңір бойынша covid-19-ды 70 адам жұқтырған. Бейінді департамент ұсынған мәліметке сүйенсек, желтоқсанның 8-і күні қауіпті дертке 27 петропавлдық шалдыққан. Жұқтыру деңгейі бойынша облыс орталығынан кейін екінші сатыда Тимирязев ауданы тұр. Мұнда 11 жағдай тіркеліп отыр. Ал Айыртауда 7 дерек анықталды. Ахуал мереке күндерінен кейін нашарлауы мүмкін дейді еліміздің бас санитар дәрігері. Сондықтан, Ерлан Қиясов тұрғындарға демалыс уақытында ережелерді естен шығармау қажеттігін еске салды.

Ерлан Қиясов – ҚР бас санитарлық дәрігері:

– Құрметті қазақстандықтар, алдағы мереке мен демалыс күндері барлық талаптарды орындауларыңызды сұраймын. Медициналық маска киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды сұраймын.

Коронавирусты емдеудің алгоритмі бар. Қазір ел дәрігерлері дәл осы протокол бойынша жұмыс істеуде. Ал ғалымдар өз кезегінде вакцина жасауға бар күштерін жұмылдырған болатын. Екпе дайын. Қазір ол тексерістен өтіп жатыр. Көршілес Ресейдің де вакцинасы сынақтың үшінші кезеңіне жақындады. Екеуі жарамды болып табылған жағдайда алдағы уақытта мемлекетімізде өндірілмек.

Нұрлыбек Асылбеков – ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

– Бүгінгі таңда әлем бойынша 10 шақты вакцина сынаманың 3-ші фазасынан өтті немесе дәл қазір өтіп жатыр. Біз қазақстандық және ресейлік екпелермен шектелмей, өзгелерін де қарастырудамыз. Бұл ретте вакцинаның бағасы, сақталу режимі мен логистикасы ескеріледі.

Айта кету қажет, қазақстандық вакцина сынағының 3 фазасында оны 3 мың қазақстандыққа қою жоспарлануда. Еріктілер ретінде қарапайым халық емес, осы екпенің демеушілері мен жасаушылары алынатын болады.

 

 

Эльмира Садвокасова