Ерiктiлер

Волонтерлер жылының жабылу рәсімі өтті

Келер жылға жоспар мен осы жылда атқарылған істің қорытындысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен волонтерлер жылының жабылу рәсімі өтті. Онлайн форматта өткен жиында 12 айдың ішінде жүзеге асырылған жобалар сөз болды. Тағы шара барысында  белсенділігімен көзге түскен жанашыр жандар марапатталды. “Жыл волонтері” атағына жерлесіміз Инесса Анарбаева да ие болды.

2020 жыл еліміз үшін қиын кезеңдердің бірі болды. Бірақ, басқа түскен ауыртпалықты халық бірігіп көтерді. Мұнда проблемаларды шешіп, әрбір адамға көмек қолын созуға асыққан волонтерлердің еңбегі ерен. Ағымдағы жыл еріктілер жылы болып жарияланды. Осы аралықта жүрегі кең жастармен атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Жасалған жұмысты қорытындылар сәт те келіп жетті. «Birgemiz», «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq», «Birge – taza Qazaqstan». Бұл 12 айда азаматтық позициясы белсенді жастармен іске асырылған жобалардың тек бір бөлігі ғана.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Волонтерлер Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ батасы – соның айқын дәлелі. Әрқайсыңыз – шынайы құрметке лайықты нағыз отаншыл азаматсыздар. Мұны еш күмәнсіз, нық сеніммен айтуға болады.

Волонтер болу – біркүндік іс емес, өмірлік ұстаным. Еріктілер қозғалысын бүгінде ел бойынша 100 мыңнан аса қазақстандық жанына серік етті. Олар жыл бойы адамдарға қолғабыс етіп, қарияларға қамқорлық танытып, қоршаған ортаны сақтау үшін аянбай тер төкті. Істе ерекшеленіп, көпке үлгі болғандар бүгін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын иеленді. Үздіктер қатарынан жерлесіміз Инесса Анарбаев да көрінді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысып, дәл осы аталымның жеңімпазы атанды.

Инесса Анарбаева – «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының иегері:

– Волонтерлікпен мен 3 жыл айналысып келемін. 2019 жылы Петропавл қаласында «Адал» волонтерлік клубын аштық. Бүгінде мен ұйымның төрағасы болып табыламын. Клубта 60-қа жуық адам бар. Біз түрлі шаралар ұйымдастырып, қайырымдылық істеріне белсене араласамыз.

Ел Президенті волонтерлерге білім, медицина, спорт, әлеуметтік сұрақтар сынды ең негізгі салалар бойынша 7 бағытты бекіткен болатын. Бірақ, ақ қайыңдар өлкесіндегі жастар оның қатарын 15-ке дейін жеткізді. Әрбір сектор бойынша еңбектеніп, қоғамның дамуына өз үлесін қосатын жандардың да саны жеткілікті. Себебі, еріктілер қозғалысы өңірде жыл емес, күн санап артуда. Бүгінде аймақтың түкпір-түкпірінде азаматтық позициясы белсенді 10 мың солтүстікқазақстандық бар.

Анастасия Волкова, СҚО волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі:

– Бізде дәрігер-волонтерлер ұйымы құрылды. Оған 25 болашақ ақ халатты мүшелік етеді. Жастар үлкендерге қамқорлық көрсетіп, қарияларға жиі барып тұрады. Денсаулықтарын тексеріп, қан қысымын өлшейді. Әрі еліміз үшін қиын-қыстау кезеңде еріктілер провизорлық стационарларда еңбектенетін жандарға қолғабыс етуде.

Бұдан бөлек, өңірде жануарларды қорғаумен айналысатын волонтерлердің саны артып келеді. Белсенді жастар 2021 жылға да үлкен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

 

 

Эльмира Садвокасова