МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы VI халықаралық конференция өтті

9-шы желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Осыған орай ел көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы VI халықаралық конференция өтті. Жиынға солтүстікқазақстандықтар қашықтықтан қатысты. Іс-шара барысында қоғамдық дертті ауыздықтауға ат салысып жүрген жерлестеріміз марапатталды.

Кең ауқымда өткізіліп жатқан іс-шараға халықаралық ұйымдардың, жемқорлыққа қарсы ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. Жиынды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевашты. Ол жиналғандарды айтулы датамен құттықтап, соңғы 10 айда атқарылған жұмысты қорытындылады.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Ханымдар мен мырзалар, біз жемқорлықты жоюдың қарапайым және түсінікті қағидасын анықтадық. Біз қоғамды ауқымды жұмылдыру арқылы барлық бағытта нәтижеге қол жеткіземіз.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл қою – әр азаматтың міндеті. Сондықтан, қазіргі күні түрлі мемлекеттік мекемелер, білім ордалары мен қоғам өкілдері індетті ауыздықтауға белсенді ат салысуда. Бұл бағытта БАҚ қызметкерлерінің де қосқан үлесі мол. Себебі, тілшілер халыққа жедел ақпарат жеткізіп, парасатты қоғам қалыптастыруға белсенді қатысып жүр. Мереке қарсаңында осы жандардың бірқатары марапатқа ие болды.

Әлия Икамбаева – МТРА бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы:

– Муниципалдық телеарна сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс атқарады. Бұл бағытта бізде бірқатар ақпараттық бағдарламалар бар. Жаңалықтардан халыққа тұрақты түрде бейнематериалдар да ұсынылып тұрады. Еңбегімізді елеп, марапаттап жатқан жандарға ұжым атынан алғыс айтамын.

Жиында қалалық ардагердер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин: “Мемлекеттің болашағы жемқорлықсыз ғана жарқын болады”,- деді. Сол себепті, барлығын дертпен күреске, жас буынға жемқорлыққа қарсы тәрбие беруге шақырды.

Жангелді Тәжин – қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Солтүстікқазақстандықтарға айтарым: жемқорлыққа қарсы күрес – ол халықтық күрес болуы тиіс. Әрбір адам өзінің жеке өмірінде және қызметінде адал болуы керек.

Жалпы, салтанатты шарада 20-дан астам жан марапатталды. Олар – дәрігерлер, БАҚ өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері мен жергілікті депутаттар.

 

 

 

 

 

Казиканова Алтынай