Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов елордада баспасөз конференциясын өткізді

Желтоқсанның ортасына қарай өңірде карантин жеңілдетілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде мәлім етті. Соныдай-ақ, аймақ басшысы өңірді дамыту турасында жоспарлармен бөлісті.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов баяндамасын 2020 жылдың басты мәселесі – пандемиядан бастады. Індеттің қаншалықты қауіпті екендігін бірінші толқын көрсетті. Сондықтан, өңіріміз екінші толқынға тыңғылықты дайындалды. Шектеу шаралары да біршама күшейтілді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аймақта қатаң шектеу шаралары бір айдан бері қолданылып келеді. Шекара бекеттерінде карантиндік стационарлар орналастырылды. ПЦР тест болмаса, елге кіруге тыйым салынған. Пойыздардың саны қысқарып, өңірдегі автобус маршруттары тоқтатылды. Облыс орталығында карантин енгізілді. Демалыс күндері «локдаун» режимі орнаған. Бұл шаралардың барлығы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдануда.

Індетпен күрес үшін аймақта 200 орынға арналған инфекциялық аурухана ашылды, ИВЛ апараттары мен басқа да қажетті техника сатып алынды. Дәріханалар мен медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Жағдайды баяндай келе Құмар Ақсақалов бүгінде
өлкемізде вирус жұқтыру деңгейінің біртіндеп төмендеп жатқанын мәлімдеді. “Осы үрдіс сақталса, айдың ортасына қарай шектеу шаралары жұмсартылуы мүмкін”,- деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Коронавирус біздің қалыпты өмір салтымызға ғана емес, экономикаға да әсер етті. Дегенмен, экономиканың даму қарқынын жоғалтпау үшін біраз іс жасалды. Осының арқасында біз оң динамиканы сақтап қалдық. 10 айдың қорытындысы бойынша біздің аймақ жетекші өңірлер тобына кіріп қана қоймай, орташа республикалық көрсеткіштерден асып түсті. Бұл облыстың одан әрі дамуына негіз болмақ.

Аймақ әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, қаржылық тұрақтылыққа да қол жеткізді. Соңғы 4 жыл ішінде облыстың нақтыланған бюджеті 2 есеге артып, 333 млрд теңгеге жеткен. Өлкенің негізгі саласы – ауыл шаруашылығы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр осы алаңда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытын таңдау туралы айттым. Ол өзінің жемісін беруде. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 700 млрд теңгеге жетті. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 89 млрд теңгеге асып түсті. Жыл соңына дейін 115 млрд теңге инвестиция тартылады. Осылайша, аймақ елдегі агроинвестицияның 25% қамтамасыз етеді.

Биылғы құрғақшылыққа қарамастан өңірімізде ел астығының төрттен бір және майлы дақылдардың үштен бір бөлігі жиналғанын айта кетейік. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі қажеттіліктен көп өндіретіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ендірілген модернизацияның арқасында “МаслоДел” мен “Сүт одағы” серіктестіктері жылына 47 мың тонна өнім шығара алатын дәрежеге жетті. Бұл кәсіпорындардың жүктемесін жаңа сүт фермалары қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы өңірде 11 ферманың құрылысы басталды. Оның 5-еуі осы айда іске қосылады. Ал 2021-де өлкеде тағы 10 өндіріс орны тұрғызылады деп жоспарланып отыр.

Осылайша өңірде жалпы 21 ферма жұмыс істемек. Бұл аққайындар өлкесінде жылына 51 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Және 500 ауыл тұрғынын екі қолға бір күрекпен қамтымақ. Брифинг барысында Құмар Ақсақалов етті бағытта да атқарылып жатқан істі тілге тиек етті. Өндіріс, құрылыс, инвестиция тарту жайы да ұмыт қалмады. Енді сұрақ-жауапқа көшейік. Жиында БАҚ өкілдерінен өңір жетекшісіне 15-ке тарта сауал қойылды. Соның ішінде Становое селосына қатысты мәселе де бар. Қазір аталған елді мекен тұрғындарының кейбірі тіршілік көзінен таршылық көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, бүгінде ауылдағы 66 үйдің 55-іне су құбыры тартылыпты. Ал қалғанына ауыз су жұмасына 3 рет әкелінеді екен. Проблема күрделі. Аймақ басшысы оны республикалық деңгейде шешу қажет деді. Және тиісті органдарға хат жолдағанын мәлім етті.

Келесі сауал қоныстанушыларға тұрғызылған баспаналарға қатысты. Қазір ғаламторда ағайын үшін салынған тұрғын жайларда тұру мүмкін емес, сапасыз үй кілттеріне қол жеткізген кейбір жандар оңтүстікке қайтадан кетіп жатыр деген әңгіме жүр. Бұл қаншалықты рас?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз барлық үйді қолданысқа бермес бұрын техникалық сараптамадан өткіземіз. Егер олқылықтар анықталып жатса, мердігер кепілдік аясында қайта қалыпқа келтіреді. Кепілдік уақыты 2-3 жылды құрайды. Былтыр біздің өңірге 2200 қоныстанушы келді. Ал биылғы көрсеткіш 1800 құрайды. Әрине, кейбір келушілер туған жерлеріне оралды.

Жалпы, 4 жылдың ішінде аққайындар өлкесіне 6,5 мың азамат қоныс аударған екен. Оның тек 8 пайызы келген өңірлеріне қайта оралған. Оған адамдардың отбасылық мәселелері және денсаулық жағдайы себеп болған екен. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, биыл Петропавлда санитарлық талап бойынша Жаңа жыл мерекесіне орай мұз қалашығы салынбайды.

Ешкенова Дана