Мәдениет

Өңірімізде республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өткізілуде

Қызылжардың көгінде ән қалықтады! Бүгінде облыс орталығында Ақан сері Қорамсаұлы атындағы 1-ші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы бастау алды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 37 өнерпаз қатысуда. Өңір намысын 3 жерлесіміз қорғауда. Дода ертең мәресіне жетпек.

Ақан сері атындағы 1-ші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өңірімізде онлайн форматта өтіп жатыр. Бірінші кезеңде өнерпаздар 2 туынды орындайды. Оның бірі міндетті түрде қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы Ақан сері Қорамсаұлының әні болуы тиіс. Екіншісі халық композиторларының шығармаларынан таңдалуы қажет.

Құлақтың құрышын қандыра ән шырқаған өнерпаздар екінші кезеңге өтеді. Жоспар бойынша бұл турда 10 қатысушы бақ сынамақ. Ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген жандардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев бағалау үшін арнайы келіпті. Рамазан Стамғазиев ағамыз Алаш жұртына аты мәлім Ақан серінің әндерін сүйіп тыңдаймын дейді. Әр туындының тарихы мен ерекше мәні бар. Сондықтан олар ел ішінде таралуы тиіс.

Рамазан Стамғазиев – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

 – Ақан серінің көпке танылмай қалған, еш жерде орындалмаған әндері бар. Соны жас буын арқылы танытып, халық алдына паш етуде бұл байқаудың септігі мол. Үлкен мұрағаттарда іздестіру арқылы көптеген әндерінің жоғалып кеткен сөздерін, әндерін тауып, жастардың сана-зердесінен өткізу арқылы келер ұрпаққа аманат есебінде қалдыра аламыз.

1-ші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ертең аяқталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталмақ. Жоғары бағаға ие болған қатысуышыларға ақшалай сыйақылар мен дипломдар табысталады.

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев