МТРА жаңалықтары

Африкалық шошқа обасының СҚО-ға келу қаупі бар ма?

Ресейдің бірнеше аймағында африкалық шошқа обасы анықталып отыр. Қазір 20-дан астам өңірінде карантин енгізілген.

Солтүстік Қазақстанға ең жақын орналасқан өңір – Омбы облысы. Аталған аймақтың 1 елді мекенінде ғана ауру ошағы тіркелген. Оба жұқтырған жануар қарашаның 27-сі күні анықталыпты. Африкалық шошқа обасының адамға қаупі жоқ дейді ветеринарлар. Сондай-ақ, ол құс тұмауы секілді тез таралмайтынына да сенімді.

Сергей Калякин – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

– Мәселен, құс тұмауы ұшатын жабайы қанаттылардан жұғады. Осы арқылы ауру тез тарайды. Ал шошқадан індеттің жайылу қаупі төмен. Тек дұрыс алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі күні Ресейдің 20-дан аса аймағында африкалық шошқа обасы тіркеліп отыр.

Африкалық шошқа обасына қарсы вакцина әлі өндірілген жоқ. Бірақ, оның таралуына тосқауыл қоятын бір жол бар. Ең бастысы, таңқы танаулылырды далаға жібермеу керек. Өйткені, шошқалардың жабайы доңыздарға қосылып кету қаупі бар.

Сергей Калякин – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

– Тұрғындардың көбісі жануарға қоғамдық тамақтану орындарынан қалған қалдықтарды береді. Сол себепті, тағамды 70 градустан жоғары температурада қайнатып, термиялық өңдеуден соң жегізген жөн. Негізі, вирустың пайда болу себебі де осы. Жеке шаруалардың біреуі жануардың тұратын орнын уақытында тазаламаған екен. Сонымен қатар, шошқаларына өңделмеген азық берген.

Қазіргі күні облыста вирустың алдын алу шаралары күшейтілді. Ветеринар мамандар мен аңшылық және орман шаруашылығының қызметкерлері жабайы қабандардың әр тұқымынан атып алуда. Осылайша аңдарға зертханалық тексеріс жасайды. Шаруа Қызылжар мен Мағжан Жұмабаев аудандарында атқарылуда. Сондай-ақ, көрші мемлекеттен әкелінетін тауарлар мен азық-түліктердің барлығы қатаң тексерістен өткізілуде. Мониторинг жергілкті сауда нүктелерінде де жүргізіліп жатыр.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан